Журналистер Астана әуежайының ішкі жұмысымен танысты
Бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлері күніне орай Астана халықаралық әуежайында «Әуежай және БАҚ» атты баспасөз туры ұйымдастырылды. Іс-шараға республикалық және өңірлік бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысып, әуежай мен журналистер қауымдастығы арасындағы ашық әрі сындарлы диалог алаңына айналды, деп хабарлайды Elordainfo.kz Астана әуежайына сілтеме жасап.
БАҚ өкілдері әуежайдың күнделікті қызметімен жақынырақ танысып, елорда әуеайлағының қауіпсіз әрі үздіксіз жұмысын қамтамасыз ететін өндірістік үдерістерді өз көздерімен көрді.

Экскурсия аясында журналистер перронға шығып, әуе кемелерінің жанында фото және бейнетүсірілім жасауға мүмкіндік алды. Сонымен қатар олар әуежайдың авариялық-құтқару қызметінің құрамындағы заманауи Rosenbauer өрт сөндіру автокөлігінің мүмкіндігімен танысты. Мамандар арнайы техниканың төтенше жағдай орнына қысқа уақыт ішінде жетіп, қуатты сорғылары мен өрт сөндіру заттарының мол қорының арқасында өртті тиімді сөндіре алатынын көрсетті.


Бағдарламаның ерекше қызығушылық тудырған бөлімінің бірі – әуежайдың кинологиялық қызметінің көрсетілімі болды. Иісшіл ит оқу-жаттығу мақсатындағы жасырылған жарылғыш заттың макетін қысқа уақыт ішінде тапты.

Журналистер Qazaqstan Catering Solutions өндірістік кешеніне барып, бортта ұсынылатын тағамның дайындалуынан бастап, оны әуе компанияларына жіберілуіне дейінгі толық өндірістік циклмен танысты. Сондай-ақ халықаралық сапа стандарттары, санитарлық қауіпсіздік талаптары, тағамды сақтау және әуе кемелеріне жеткізу технологиялары туралы жан-жақты ақпарат берілді.


Экскурсиядан кейін Астана халықаралық әуежайы Басқарма төрағасы Бекен Сейдахметовпен кездесу өтті. Ол БАҚ өкілдерін кәсіби мерекелерімен құттықтап, азаматтық авиация саласының қызметін жан-жақты әрі объективті жариялап жүргені үшін алғысын білдірді. Сондай-ақ әуежай мен журналистер арасындағы өзара сенім мен ашық әріптестіктің маңыздылығына тоқталды.

Кездесу барысында әуежайдың негізгі өндірістік көрсеткіштері таныстырылып, келесі бағыттар бойынша алдағы жоспарлар туралы ақпарат ұсынылды:
Бағыттар желісін кеңейту;
Инфрақұрылымды жаңғырту;
Халықаралық ынтымақтастықты дамыту;
Жүк тасымалын ұлғайту;
Жолаушыларға көрсетілетін қызмет сапасын арттыру.
Іс-шара салтанатты марапаттау рәсімімен қорытындыланды.
