Коммуналдық саланы және электр энергетикасын жаңғыртуға 1,1 трлн теңгеден астам инвестиция тартылды - Үкімет
ҚР Парламенті палаталарының бірлескен отырысында Премьер-министрдің орынбасары – ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин 2023-2024 жылдардағы ТКШ инфрақұрылымын жаңғырту нәтижелері және жаңа Ұлттық жобаны әзірлеу тәсілдері туралы айтты, деп хабарлайды Elordainfo.kz Үкіметтің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
«Бағдарламаға табиғи монополиялардың барлық саласын бірден қамту мүмкін емес, өйткені бұл еліміз үшін үлкен көлемде инвестиция тарту қажет екенін білдіреді. Жаңғырту жұмыстары біртіндеп, секторлар бойынша және белгілі бір ретпен жүруде. Мәселен, 2023 жылы ең көп тозған жобаларға, яғни маңызды инфрақұрылымдарға – жылу желілері мен энергетикалық нысандарға басымдық берілді», - деді вице-премьер.
Серік Жұманғариннің мәліметінше, 2023-2024 жылдардағы өтпелі кезеңде коммуналдық салаға шамамен 605 млрд теңге, ал электр энергиясын өндіру секторына шамамен 577 млрд теңге инвестиция тартылған. Осы уақыт ішінде елімізде 12 мың шақырымнан астам жылу желілері жөнделді. Атқарылған жұмыстың басты нәтижесі – соңғы жылдары қысқы уақытта желілерде апаттардың болмауы. Сонымен қатар, коммуналдық сектор қызметкерлерінің жалақысы 50%-дан 100% аралығында көтерілді.
Осы кезеңдерде жинақталған барлық тәжірибені Үкімет жаңа Ұлттық жобаны әзірлеу кезінде толығымен ескерді.
«Ұлттық жобаның басты айырмашылығы – біз инфрақұрылымның тозуы оның жаңару қарқынын қуып жетпеуі үшін жаңғыртудың жеделдетілген қарқынын іске қостық. Жоба желілерді үдемелі жаңартуды және қаржыландыру тетіктерін жетілдіруді көздейді. Мұнда тарифтік қаражат қана емес, сонымен қатар халықаралық қаржы ұйымдарының капиталы, жеке инвестициялар, сондай-ақ екінші деңгейдегі банктердің пайыздық мөлшерлемесін субсидиялау да қарастырылатын болады», - деп атап өтті Премьер-министрдің орынбасары.
Еске салайық, бұдан бұрын елімізде инфляция деңгейі 10,4%-ға дейін төмендегені туралы жаздық.