Еліміздің танымал курорттық аймағындағы вокзал ауқымды жаңғыртудан кейін қайта ашылды

Бүгін, 16:23
Думан Аманжол Думан Аманжол
Еліміздің танымал курорттық аймағындағы вокзал ауқымды жаңғыртудан кейін қайта ашылды
Фото: Көлік министрлігі

Ақмола облысында жаңғырту жұмыстары аяқталғаннан кейін «Курорт-Бурабай» теміржол вокзалының салтанатты ашылу рәсімі өтті, деп хабарлайды Elordainfo.kz Көлік министрлігіне сілтеме жасап.

Іс-шараға Ақмола облысы әкімінің бірінші орынбасары Елдос Рамазанов және Көлік министрлігі Теміржол және су көлігі комитеті төрағасының орынбасары Елдос Нестай қатысты.

Бурабай – еліміздегі жетекші туристік бағыттардың бірі. «Курорт-Бурабай» теміржол вокзалы курорттық аймақтың көлік қолжетімділігін қамтамасыз ететін маңызды инфрақұрылымдық нысан болып табылады. Осыған байланысты вокзал теміржол вокзалдарын жаңғырту бағдарламасы аясында басымдық берілген туристік дестинацияларда орналасқан 20 вокзалдың қатарына енгізілді, делінеді хабарламада.

Жаңғырту жұмыстары барысында ғимараттың қасбеті мен ішкі үй-жайлары толық жаңартылып, инженерлік желілер ауыстырылды. Жолаушылар үшін қолайлы күту аймақтары жасалып, мүмкіндігі шектеулі азаматтардың еркін қозғалысына жағдайлар қамтамасыз етілді. Атқарылған жұмыстар нәтижесінде жолаушыларға қызмет көрсету сапасы, қауіпсіздік деңгейі және вокзалдың қолжетімділігі айтарлықтай артты.

Вокзалдың ашылуы Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес жүзеге асырылып жатқан еліміздегі 124 теміржол вокзалын жаңғырту жөніндегі ауқымды бағдарламаның бір бөлігі болып табылады. Бұл – Тәуелсіздік жылдарындағы теміржол вокзалы инфрақұрылымын жаңғыртуға бағытталған ең ірі жобалардың бірі.

Ақмола облысында аталған бағдарлама аясында 16 теміржол вокзалы жаңғыртылуда, соның бірі – «Курорт-Бурабай» вокзалы.

Жобаның іске асырылуы өңірдің туристік әлеуетін одан әрі дамытуға, жолаушыларға көрсетілетін қызмет сапасын арттыруға және Бурабай курорттық аймағының заманауи көлік инфрақұрылымын қалыптастыруға мүмкіндік бермек.

Еске салсақ, Талдықорған теміржол вокзалын жаңарту жұмыстары аяқталды.