Елордада жолға таласып жұдырықтасқан жүргізушілер жауапқа тартылды
Астанада «Lixiang» және «Kia» маркалы көліктердің жүргізушілері жолды бөлісе алмай, мәселені жолдың дәл ортасында жұдырықтасу арқылы шешпек болған, деп хабарлайды Elordainfo.kz Астана қаласы Полиция департаментіне сілтеме жасап.
Полиция қызметкерлері оқиғаға қатысқан екі азаматтың да жеке басын анықтады. Олар полиция бөліміне жеткізіліп, ұсақ бұзақылық жасағаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Сот шешімімен құқық бұзушылардың әрқайсысына бес тәулік мерзімге әкімшілік қамауға алу жазасы тағайындалды.
Полиция жолдағы кез келген агрессия қоғамдық тәртіпті өрескел бұзу болып саналатынын және мұндай әрекеттердің жолы кесілетінін ескертеді. Осындай іс-әрекеттер жол қозғалысының басқа қатысушыларының қауіпсіздігіне қатер төндіріп, ауыр салдарға әкелуі мүмкін.
Астана қаласы Полиция департаменті көлік жүргізушілерді жол қозғалысы ережелерін сақтауға және көлік тізгінінде жанжал жағдайларына жол бермеуге шақырады.