Қазақстан Тұрақты даму мақсаттары рейтингінде үш саты жоғарылады
Биыл Қазақстанның Тұрақты даму мақсаттары индексі бойынша рейтингтегі орны үш саты жоғарылап, 169 елдің ішінде 67-орынға ие болды. Еліміздің жалпы ұпайы 71,5-тен 72,0-ге дейін көтерілді, деп хабарлайды Elordainfo.kz Экономикалық зерттеулер институтына сілтеме жасап.
2030 жылға дейінгі күн тәртібінің аяқталу мерзімі жақындағандықтан SDSN есебінде оны іске асырудың маңызына ерекше назар аударылған.
Қазақстан G20 құрамындағы бірқатар елден озып тұрғанын айта кеткен жөн. Мәселен, Индонезия рейтингте 74 орында (70,8 балл); Мексика 75 орында (70,5 балл); Түркия 77 орында (70,2 балл); Үндістан – 94 (68,3 балл); Сауд Арабиясы – 104 (65,9 балл); Оңтүстік Африка 109 орында (65,2 балл) тұр.
Ал Орталық Азия елдеріне келер болсақ, Тәжікстан – 98 (67,8 балл), Түрікменстан 128 орын (59,9 балл) иеленген. Қырғыз Республикасы мен Өзбекстан рейтингте бізден жоғары тұр (50 және 65 орын).
Тұрақты даму мақсатына қол жеткізуде еліміздің динамикасы әртүрлі. Кей бағыттарда көрсеткіш нәтижесі жақсарып, тұрақты ілгерілеу байқалғанымен, кей салаларға әлі де көңіл бөлу қажет. Қазақстан кедейлікті жою мақсатына жақындады деуге болады. Сонымен қатар оң өзгеріс азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету мен таза энергетика, сумен жабдықтау мен санитария, инфрақұрылым және инновациялар салаларында да байқалады.
Мысалы, Тұрақты дамудың бірінші мақсаты - «Кедейлікті жою» бойынша Қазақстанның нәтижесі жыл сайын бірқатар ЭЫДҰ елдерінің көрсеткіштеріне жақын болады.
Екінші мақсат - «Аштықты жою» бойынша қауіпті пестицидтер экспорты біршама төмендеп, бір миллион адамға шаққанда 3,8 тоннадан 3,5 тоннаға дейін азайды.
Үшінші мақсат - «Жақсы денсаулық және әл-ауқат» бойынша 5 жасқа дейінгі балалар өлімі 1 000 тірі туған балаға шаққанда 9,6-дан 9,4-ке дейін төмендеді.
Алтыншы мақсат - «Таза су және санитария» бойынша ауызсумен жабдықтаудың базалық қызметтеріне қолжетімділік 95,4%-дан 97,8%-ға дейін жақсарды; тұщы су алу 34,6%-дан 33,6%-ға дейін төмендеді; өндірісі су тапшылығы бар ресурстарды қажет ететін импорттық тауарлардағы су көлемі жан басына шаққанда 2 248,3 м³-тен 2 165,8 м³-ке дейін азайды.
Тоғызыншы тұрақты даму мақсаты - «Индустрияландыру, инновациялар және инфрақұрылым» бойынша мобильді кеңжолақты интернетке қосылулар саны 100 адамға шаққанда 91,6-дан 119-ға дейін айтарлықтай өсті; Times Higher Education рейтингінде университеттердің орташа көрсеткіші 30,1-ден 32,1-ге дейін артты, ал патенттік өтінім саны халықтың бір миллион адамына шаққанда 79,7-ден 82,1-ге дейін көбейді.
Тұрақты даму мақсаттары дегеніміз – 2030 жылға дейін кедейлікті жоюға, қоршаған ортаны қорғауға және тұрақты дамуды қамтамасыз етуге бағытталған БҰҰ қабылдаған 17 жаһандық мақсат.