Қазақстан экономикасы 6,5%-ға өсті - Мәди Такиев
ҚР Парламенті палаталарының бірлескен отырысында қаржы министрі Мәди Такиев 2025 жылдың қорытындысы бойынша экономика 6,5%-ға өскенін хабарлады, деп хабарлайды Elordainfo.kz Үкіметтің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
«Құндық мәнде, жалпы ішкі өнімнің ұлғаюы $15 млрд-ты құрады. Бұл ретте инфляция 13% деңгейінде қалыптасты. Орташа айлық жалақы 442 мың теңге деңгейінде қалыптасса, жұмыссыздық жыл бойы 4,6% деңгейінде сақталды», - деп атап өтті министр.
Ол сондай-ақ еңбекақының ЖІӨ-дегі үлесі шамамен 30%-дан асқанын хабарлады. Мақсат – әлемдік орташа көрсеткіш, 40%-ға жету.
Мәди Такиев Ұлттық қордағы жинақтар туралы есеп берді.
«Ұлттық қордың активтері 2025 жылдың соңында $73,8 млрд-қа жетті, оның ішінде $63,9 млрд-ы – валюталық қордың активтері», - деді министр.
Одан бөлек, «Ұлттық қор – балаларға» бағдарламасы аясында 2026 жылы әр балаға $130,7-ден келсе, 3 жылдың ішінде $370,6 жиналды. Қазір Ұлттық Банкпен бірге осы есеп-шоттардағы пайдаланылмай тұрған қаражатты басқару жайы пысықталып жатыр.