Астанада III «Senat Open – 2026» ашық шахмат турнирінің финалдық кезеңі басталды
Елордадағы Конгресс-орталықта Қазақстандағы әуесқойлар арасындағы ең ауқымды шахмат жарысының бірі – III «Senat Open – 2026» ашық кубогының финалдық кезеңі басталды, деп хабарлайды Elordainfo.kz тілшісі.
Биылғы турнир бірнеше айға созылған іріктеу кезеңдерінің қорытындысы ретінде өтіп отыр. Елдің барлық өңірінде ұйымдастырылған жарыстарда ішкі істер органдарының қызметкерлері, дәрігерлер, мұғалімдер, жергілікті мәслихат депутаттары, ардагерлер, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері және әуесқой шахматшылар бақ сынады. Жалпы іріктеу кезеңдеріне республика бойынша 8 878 адам қатысты.

Турнир биыл төрт кезеңнен тұрды. Қатысушылар алдымен 1/8 финалда өнер көрсетіп, кейін ширек финал мен аймақтық жартылай финалдарда бақ сынады. Жартылай финалдар Солтүстік, Оңтүстік, Орталық, Шығыс және Батыс аймақтары бойынша ұйымдастырылды. Әр аймақтан 53 үздік шахматшы финалға жолдама алды. Сонымен қатар, мандат комиссиясының шешімімен финалға Қазақстан Республикасы Парламентінің депутаттары, республикалық қоғамдық кеңестердің мүшелері мен мемлекет қайраткерлері де қатысты.
Финалдың ашылу салтанатында сөз сөйлеген ҚР Парламенті Сенатының төрағасы Мәулен Әшімбаев турнирдің бүгінде еліміздегі ең маңызды интеллектуалдық жобаның біріне айналғанын атап өтті.
«Ең алдымен, баршаңызды «Senat Open – 2026» турнирінің финалдық кезеңіне шығуларыңызбен шын жүректен құттықтаймын. Соңғы жылдары Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен елімізде шахматты дамыту мен дәріптеуге ерекше мән беріліп келеді. Осы бағыттағы бастамаларды қолдау мақсатында Сенат «Senat Open» турнирін қолға алған болатын. Биыл бұл жарыс қатарынан үшінші рет ұйымдастырылып отыр. Турнирдің ауқымы кеңейіп, жаңа деңгейге көтерілгенін толық сеніммен айтуға болады. Еліміздің барлық өңірінде өткен іріктеу кезеңдеріне 8 мыңнан астам адам қатысты. Ал 2024 жылы алғашқы турнирге 2 мыңнан астам қатысушы бақ сынаған еді. Биылғы көрсеткіштің төрт есеге жуық өсуі – елімізде шахматқа қызығушылықтың айтарлықтай артқанын аңғартады. Жалпы, шахмат адамның зейінін шоғырландыру, талдау жасау, алдағы қадамды болжау және жауапкершілікпен шешім қабылдау сияқты маңызды қабілетін дамытады. Қазіргі заманда мұндай қасиеттің маңызы ерекше. Сондықтан алдағы уақытта да шахматты кеңінен насихаттауға және ұлттың зияткерлік әлеуетін арттыруға бағытталған осындай жобалар табысты жүзеге аса береді деп сенемін. Бүгінгі финалдық бәсекеде баршаңызға сәттілік тілеймін», – деді Мәулен Әшімбаев.
Қазақстан шахмат федерациясының президенті Тимур Турловтың айтуынша, үш жыл ішінде турнир әуесқой шахматшылардың басын қосатын республикалық деңгейдегі маңызды алаңға айналды.
«Бұл турнир бүгінде еліміздегі ең жарқын жобалардың біріне айналды. Биыл оған рекордтық көрсеткішпен 9 мыңға жуық адам қатысты. Мәслихат депутаттары, мемлекеттік қызметкерлер, түрлі сала мамандары мен әуесқой шахматшылар бір алаңда бас қосты. Жыл сайын бәсекелестік деңгейі артып келеді. Қатысушылар арнайы дайындалып, шахмат теориясын меңгеріп, клубтарда жаттығып келеді. Біз үшін бұл – шахматқа деген қызығушылықтың артқанын көрсететін маңызды көрсеткіш. Турнир алдағы уақытта да елімізбен бірге дамып, өз жалғасын табады», – деді шахмат федерациясының президенті.

Салтанатты ашылу рәсімінен кейін Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев пен Шахмат федерациясының президенті Тимур Турлов бірінші тақтада символикалық алғашқы жүрісті жасап, финалдық ойындарды ресми түрде бастады.

Финалға қатысушылардың бірі, Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Қостанай өңірлік университетінің профессоры Берік Демисенов мұндай турнирлердің қоғамдағы интеллектуалдық мәдениетті дамытудағы рөлі ерекше екенін айтты.
«Бұл турнирдің финалына екінші рет қатысып отырмын. Біз бұл жарысты жыл сайын асыға күтеміз. Осындай ауқымды турнирдің түрлі мамандық иелері мен қоғамның әртүрлі өкілдерін бір алаңға жинауы өте маңызды. Шахмат – интеллектуалды ойын. Сондықтан ол еліміздің зияткерлік әлеуетін арттыруға зор ықпал етеді. Осындай жобаның бір бөлшегі болғаныма қуаныштымын», – деді Берік Демисенов.
Айта кетейік, «Senat Open» ашық кубогы Қазақстан шахмат федерациясының ұйымдастыруымен, ҚР Парламенті Сенатының қолдауымен 2024 жылдан бері өткізіліп келеді. Турнирді өткізу бастамасын Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев ұсынып, оны Қазақстан шахмат федерациясының президенті Тимур Турлов қолдаған.