Астанада топырақты заңсыз қазып алғандар дронның көмегімен анықталды
Елордада топырақты заңсыз өндіру мен тасымалдау, сондай-ақ абаттандыру қағидасы мен табиғатты қорғау заңнамасын бұзғандарды анықтау бағытындағы жұмыс жүргізіліп жатыр, деп хабарлайды Elordainfo.kz Астана қаласы Полиция департаментіне сілтеме жасап.
Полиция қызметкерлері дронның көмегімен жүргізілген әуе мониторингі барысында Төле би көшесі бойында топырақты заңсыз қазып, тасымалдау фактісін анықтады.
Бақылау кезінде мемлекеттік тіркеу нөмірін автоматты түрде тану жүйесі арқылы заңсыз жұмыстарға тартылған үш жүк көлігі мен экскаватор анықталды.
Аталған дерек бойынша тиісті материалдар жиналып, Астана қаласының Қоршаған ортаны қорғау және табиғатты пайдалану басқармасына жолданды.
Астана қаласының Полиция департаменті топырақты заңсыз өндіру мен тасымалдау қоршаған ортаға елеулі зиян келтіретінін және қолданыстағы заңнама талаптарын бұзу болып саналатынын еске салады. Полиция азаматтарды экологиялық құқық бұзушылықтарға бейжай қарамауға және осындай фактілерге куә болған жағдайда «102» арнасына дереу хабарлауға шақырады.
Еске сала кетсек, Астана қаласының Полиция департаменті азаматтарды су айдындарында демалу кезінде қауіпсіздік ережесін қатаң сақтауға шақырды.