Астанада супермаркеттердегі ұрлықтың алдын алу жөнінде меморандум әзірленді
Астана қаласының прокуратурасында супермаркеттердегі ұрлықтың алдын алу жөніндегі үшжақты меморандумға қол қойылды, деп хабарлайды Elordainfo.kz қала прокуратурасына сілтеме жасап.
Қала прокурорының бірінші орынбасары Е.Өтеуовтің төрағалығымен құқықтық тәртіп пен қоғамдық қауіпсіздікті нығайту мәселелеріне арналған үшжақты кездесу өткізілді.
Іс-шараға Астана қаласы Полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары А. Әбілдин, қалалық прокуратураның басшылығы, сондай-ақ «Magnum Cash&Carry» ЖШС Бас директорының қауіпсіздік мәселелері жөніндегі орынбасары Н.Шапақов қатысты.
Кездесудің негізгі себебі – елорда аумағында негізінен ірі супермаркеттерде жасалатын ұрлықтар мен бөтен мүлікті ұсақ жымқыру фактілерінің өсуі. Мұндай құқық бұзушылықтар сауда объектілеріне экономикалық залал келтіріп қана қоймай, қаладағы құқықтық тәртіптің жалпы деңгейіне де кері әсерін тигізеді.
Кездесу қорытындысы бойынша Астана қаласының прокуратурасы, Астана қаласы Полиция департаменті және «Magnum Cash&Carry» ЖШС арасында ынтымақтастық туралы үшжақты меморандумға қол қойылды.