Ақтөбеде студентті қорқытып, несиеге ақша алдыртқан бопсалаушы ұсталды

Бүгін, 17:47
Жібек Наурыз Жібек Наурыз
Ақтөбеде студентті қорқытып, несиеге ақша алдыртқан бопсалаушы ұсталды
Фото: Ақтөбе облысы полиция департаментінен

Ақтөбе облысы Полиция департаментінің Ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының қызметкерлері колледж студентінен ақша бопсалау фактісін анықтап, жолын кесті, деп хабарлайды Elordainfo.kz Ақтөбе облысы полиция департаментіне сілтеме жасап. 

Жедел-іздестіру іс-шаралары барысында жас жігіттің Ақтөбе қаласындағы студенттерден қорқыту және күш қолдану арқылы ақша бопсалап жүргені туралы ақпарат алынған.

Тексеру барысында күдіктінің облыс орталығындағы сауда орталықтарының бірінде өз пайдакүнемдік ниетін көздеп, қорқыту және күш қолдану арқылы басқа өңірден келген колледж студентінен ақша талап еткені анықталды. Психологиялық қысымға ұшыраған жәбірленуші онлайн-қарыз беру қызметі арқылы микрокредит рәсімдеп, күдіктіге 35 мың теңге берген.

Алайда алынған ақшаға қарамастан, күдікті студенттен қосымша қаражат талап етуді жалғастырған.

«Жүргізілген жедел іс-шаралардың нәтижесінде ҰҚҚКБ қызметкерлері күдіктінің жеке басын анықтап, оны ұстады. Аталған факті бойынша бопсалау дерегімен сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізілуде», - делінген хабарламада.

Қазіргі уақытта оқиғаның барлық мән-жайларын анықтауға, сондай-ақ ұсталған адамның осыған ұқсас басқа да қылмыстарға қатыстылығын тексеруге бағытталған тергеу және жедел іс-шаралар кешені жүзеге асырылуда.

Ақтөбе облысы Полиция департаменті азаматтарға қорқыту, бопсалау немесе өзге де заңға қайшы әрекеттерге тап болған жағдайда дереу полиция органдарына жүгіну қажеттігін ескертеді.