Елорданың білім беру жүйесі басқа өңірлер үшін үлгі болуы тиіс – министр
Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев астаналық білім беру ұйымдарының директорларымен кездесу өткізді, деп хабарлады Elordainfo.kz.
Кездесу барысында білім беру сапасын арттыру мәселелері, өткен жылдың қорытындылары және биылға арналған жоспарлар талқыланды.
Астана қаласы Білім басқармасының басшысы Қасымхан Сенғазыевтің мәліметінше, өткен жылы елордада 24 жаңа мектеп ашылды. Оның 16-сы «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында салынған. Мемлекеттік тапсырыстың артуы және ваучерлік қаржыландыруды енгізу арқылы балабақшалардағы кезектілік саны екі есе қысқарды. 20 балабақшада «Тілге бойлау» жобасы жүзеге асырылып жатыр.
Мемлекет басшысы жариялаған Жұмысшы мамандықтарының жылы аясында Астанада алты бағыт бойынша 100-ден астам іс-шара өткізу жоспарланған. Мектептер мен колледждерде «Жаңа кәсіптер атласы» жобасын іске асыру жалғасып жатыр. Сондай-ақ биыл колледждерде мемлекеттік тапсырыс көлемін 10 мың орынға ұлғайту жоспарланған. Техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарының студенттерін қолдау мақсатында Ұлттық құзыреттілік орталығын ашу бойынша жұмыс жүргізіліп жатыр.
Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев білім беру жүйесін дамытудың негізгі міндеттері мен басымдықтарын атап өтті. Ол жергілікті әкімдікпен бірлесіп, елордалық білім беру жүйесін дамытудың 2029 жылға дейінгі Жол картасы әзірленгенін және оның өзекті мәселелерді кешенді шешуді көздейтінін атап өтті.
«Басты міндет – балаларымыз үшін барынша қауіпсіз және жайлы орта құру. Елорданың білім беру жүйесі басқа өңірлер үшін үлгі болуға тиіс. Министрлік әкімдікке одан әрі қолдау көрсетуге дайын. Бірлескен жұмыстардың арқасында қалада үш ауысымды төрт мектеп пен орын тығыздығы сақталған алты мектептің мәселесі шешілді. Сонымен қатар жоғары білікті кадрлармен қамтамасыз ету, оның ішінде «Білім берудегі 1000 көшбасшы» жобасы аясында да бірқатар жұмыстар жүргізілуде», - деп қорытындылады министр.
Бүгінгі таңда Астананың 877 білім беру ұйымында 400 мыңға жуық бала оқиды, бұл көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда 30 мыңға артық. 2027 жылға дейін 131 мың оқушыға есептелген тағы 63 мектеп салу жоспарлануда.