Қазақстандық оқушылар Францияда өткен аккордеоншылардың әлем чемпионатында сәтті өнер көрсетті

12 желтоқсан, 2025
Гүлден Мәдениет Гүлден Мәдениет
Қазақстандық оқушылар Францияда өткен аккордеоншылардың әлем чемпионатында сәтті өнер көрсетті
Фото: Мәдениет және ақпарат министрлігі

Францияның Монтаржи қаласында өткен CMA Trophée Mondial аккордеоншылардың 75-ші әлем чемпионатында қазақстандық жас музыканттар жоғары кәсіби дайындығын паш етті. Чемпионатқа 46 елден келген 500 қатысушының ішінде А.Жұбанов атындағы дарынды балаларға арналған республикалық мамандандырылған музыкалық орта мектеп-интернатының оқушылары үздік өнер көрсетті. Бұл туралы мәдениет және ақпарат министрлігі мәлімдеді, деп хабарлайды Elordainfo.kz.

Айрықша назарға іліккен орындаушылардың бірі – Әбілмансұр Далабек. Ол классикалық және варьете бағыттарында үздік нәтиже көрсетіп, екі номинация бойынша да жеңімпаз атанды. Мұндай қос бірдей жеңіс әлемдік деңгейдегі байқауларда сирек кездесетін жетістік саналады және қазақстандық орындаушылық мектебінің кәсіби тұрғыдан өсіп келе жатқанын айғақтайды.

Жоғары нәтижеге басқа да жас музыканттар қол жеткізді. Думан Тұрақбай өз санатында бірінші орынды иеленсе, Бексұлтан Батырхан мен Насыр Тарлабек қола жүлдегер атанды. Айта кетейік, Насыр Тарлабек бұған дейін Ресейде өткен аккордеон және баян бойынша чемпионатта үшінші орынды иеленген.
Барлық жүлдегерлерді қобыз, баян және аккордеон сыныптарының тәжірибелі ұстазы – Ғалымжан Нарыңбетов дайындаған. Оның кәсіби жетекшілігі жас орындаушыларға толық кәсіби дайындықтан өтіп, Қазақстанды халықаралық музыка сахнасында лайықты таныстыруға мүмкіндік берді.