2027 жылдан бастап балабақшалар лицензияланатын болады
Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Оқу-ағарту бірінші вице-министрі Майра Мелдебекова мәлімдеді, деп хабарлады Elordainfo.kz.
Майра Мелдебекованың айтуынша, бұл мәселе министрліктің жеке бақылауында. Жергілікті атқарушы органдармен қажетті жұмыстар жүргізілуде. Қолданыстағы заңнамаға сәйкес, кәсіпкер балабақша ашқанда жергілікті атқарушы органдар мен министрліктің аумақтық департаменттеріне хабарлауы тиіс. Қазіргі уақытта сапаны арттыру мақсатында балабақшаларға қойылатын талаптар күшейтілуде, және заңға тиісті өзгерістер енгізілген.
«Мектеп болсын, балабақша болсын, қазір лицензиялау енгізілді. Әрбір мектеп пен балабақша ғимаратына, педагогикалық әлеуетіне, бағдарламаларына, материалдық-техникалық базасына және инфрақұрылымына талаптар қойылған. Бұл ереже бекітілді. Заң 2024 жылы күшіне енді. 2025-2026 жылдары балабақшаларды осы талаптарға сәйкес келтіру үшін дайындық жүргізуге уақыт берілді. 2027 жылдың қаңтар айынан бастап балабақшалар меншік нысанына қарамастан лицензияланатын болады», – деді Оқу-ағарту бірінші вице-министрі ОКҚ алаңында өткен баспасөз конференциясында қойылған сұраққа берген жауабында.
Бұған дейін Қазақстанда 2-6 жастағы бүлдіршіндер үшін балабақша кезегі екі есе қысқаратынын жазған болатынбыз.