Мұнай-газ химиясы өнімдерін өндіру көлемі 12%-ға ұлғайды – министр

Бүгін, 12:21
Ернұр Қайнар Ернұр Қайнар
Мұнай-газ химиясы өнімдерін өндіру көлемі 12%-ға ұлғайды – министр
Фото: primeminister.kz

Қазақстан Республикасының энергетика министрі Ерлан Ақкенженовтің БАҚ өкілдерімен кездесуі аясында Үкіметтің 2025 жылғы терең өңдеу және мұнай-газ химиясы секторындағы жұмысының қорытындысы шығарылды, деп хабарлады Elordainfo.kz Үкіметтің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Мұнай-газ химиясы саласында экономиканың шикізатқа тәуелділігін әртараптандыруға және төмендетуге арналған дәйекті бағыт жүзеге асырылуда. Отандық мұнай-газ химиясы тұрақты екі таңбалы өсім қарқынын көрсетіп отыр және шикізат емес экспорттың негізгі драйверлерінің бірі ретінде қалыптасуда.

«Мұнай-газ химиясындағы өнім өндірісінің көлемі 12%-ға өсті. Қазақстан терең өңделген полипропилен, бензол және параксилол сынды өнімдерді сыртқы нарықтарға жүйелі түрде жеткізуді бастады», - деп атап өтті Ерлан Ақкенженов.

Саланың стратегиялық дамуы ауқымды құрылыс кезеңімен тығыз байланысты. Елімізде әлемдік деңгейдегі ерекше мұнай-химиялық кешендер салынып жатыр. Атырау облысында полиэтилен зауытының болашақ пиролиз қондырғысының құрылысы 30%-дан астамына орындалды. Павлодарда алкилат шығаратын кәсіпорынның құрылысы басталды.

Бұған дейін энергетика министрі Ерлан Ақкенженов отандық зауыттарды техникалық жаңғырту мұнайды өңдеу тереңдігін 94%-ға дейін арттыруға мүмкіндік беретінін айтқан болатын.