Астанада газдандыру деңгейі 97 пайызға жуықтады

Бүгін, 11:49
Ернұр Қайнар Ернұр Қайнар
Астанада газдандыру деңгейі 97 пайызға жуықтады
Фото: Астана қаласы әкімдігінен

Энергетика министрлігі 2025 жылғы газ саласындағы жұмыстың қорытындысын шығарды. Негізгі бағыттар ресурстық базаны нығайту мен халықты газбен қамтуды қамтамасыз етуге арналды, деп хабарлады Elordainfo.kz.

Биыл ауқымды геологиялық барлау жұмыстары жүргізіліп, жаңа қуаттар іске қосылды. Хайркелді, Тұзкөл және Тасболат газ кен орындары пайдалануға беріліп, бұл, атап айтқанда, Маңғыстау облысындағы Қазақ газ өңдеу зауытының қуаттарын қосымша жүктеуге мүмкіндік берді.

«Халықты газдандыру бағытында табиғи газбен қамту деңгейі 64,2 пайызға жетті. 2025 жылы мемлекет тарапынан 112 миллиард теңгеден астам инвестицияның арқасында 95 елді мекенде 350 мың адам газға қосылды», – деп атап өтті Ерлан Ақкенженов.

Жұмыстардың географиясы Қазақстанның көптеген өңірлерін қамтыды. Ақмола облысында Қосшы қала-спутнигі мен Талапкер ауылы газдандырылды, ал елордада ірі тұрғын алаптары қосылып, газдандыру деңгейі 97 пайызға жуықтады. Жыл соңына дейін Үркер шағын ауданында жұмыстар аяқталады.

Оңтүстік өңірлер де серпінді даму алды. Түркістан облысында құны 10 миллиард теңгеден асатын жобалар шамамен 100 мың тұрғынды газбен қамтамасыз етті. Жамбыл облысы мен Жетісу өңірінде жеткізуші желілердің құрылысы жалғасуда.

Батыс Қазақстан облысының Ақжайық және Теректі аудандарын газбен қамту мәселесін шешетін стратегиялық маңызы бар жоғары қысымды «Ростоши – Тайпақ» газ құбырының құрылысы басталды.

Жылдың басты инфрақұрылымдық жетістігі – ұзындығы 300 шақырымды құрайтын «Талдықорған – Үшарал» магистральдық газ құбырының мерзімінен бұрын пайдалануға берілуі болды. Бұл Жетісу өңірін сенімді энергия көзімен қамтамасыз етті.

Бұған дейін Ақмола облысы Целиноград ауданына қарасты Қараөткел ауылының тұрғындары алғаш рет табиғи газға қол жеткізгенін жазған болатынбыз.