Рекордтарын жаңартқан жас параспортшылар Астанаға оралды

Рекордтарын жаңартқан жас параспортшылар Астанаға оралды
Фото: Қанат Байұзақов

Елорданың халықаралық әуежайында Біріккен Араб Әмірліктерінде өткен жасөспірімдер арасындағы V Азия параойындарының жеңімпаздарын салтанатты түрде қарсы алу рәсімі өтті, деп хабарлайды Elordainfo.kz.

10-13 желтоқсан аралығында өткен төртжылдықтың кешенді жарысында еліміздің намысын 9 спорт түрінен 60 отандасымыз қорғап, 68 медаль жеңіп алды. Олардың арасында параүстел теннисінен тұңғыш рет Париж Паралимпиадасына қатысқан Әли Мақұлбеков те болды.

«Дубай мен Қазақстанның ауа райындағы айырмашылыққа байланысты жарысқа алдын ала барып, бейімделдік. Үстел теннисінде Иран, Жапония, Малайзия спортшылары жоғары дайындықпен келгені байқалды. Соған қарамастан, мен жеке және аралас жұптық сайыста алтын, ал жұптық бәсекеде қола жүлдеге ие болдым. Ең қиын ойын жартылай финалда Иран өкіліне қарсы өтті. 0:1 есебінен камбэк жасап, жеңіске жеттім. Алдағы басты мақсатым - Лос-Анджелес Паралимпиадасының жолдамасын алу», - деді Әли Мақұлбеков.

Жасөспірімдер арасындағы Азия параойындарының деңгейі уақыт өткен сайын артып келеді. Мәселен, 2021 жылы Бахрейндегі өткен додада 30 ел бас қосса, биыл рекордтық 45 мемлекет жүлдеге таласты. Айта кетерлігі, Қазақстан құрамасы бұл бәсекеге 8 жылдық үзілістен кейін қайта қатысты.

2009 жылдан бастауын алған жасөспірімдер арасындағы Азия параойындарының тарихында осыған дейін Қазақстан құрамасы 25 алтын  еншілеген еді. Ал осы жолы Дубайда өткен V Азия параойындарының өзінде отандастарымыз 25 алтын жеңіп алып, әнұрамызды шырқатты.

«25 алтын алудың өзі оңайға соққан жоқ. Осының артында жүйелі жоспар құру, оқу-жаттығу жиындары, бапкерлердің еңбегі, спортшылардың қаншама төккен тері жатыр. Ең бастысы, ұлттық құраманың артынан еріп келе жатқан резервтің деңгейін тексеруге мүмкіндік алдық және олар үлкен тәжірибе жинады», - деп Дене мүмкіндіктері шектеулі тұлғаларға арналған спорттық даярлау орталығы директорының жоғары жетістіктер спорты және өңірлік даму жөніндегі орынбасары Лескен Есекеев өз пікірін білдірді.

Айта кетейік, енді жасөспірімдер арасындағы келесі VI Азия Параойындарын 2029 жылы Камбоджа Корольдігі қабылдайды.

Бұған дейін Дубай қаласында өткен жасөспірімдер арасындағы V Азия параойындары өз мәресіне жеткенін жазған едік.