Астана тұрғындары S-Group қаржы пирамидасына 136 млн теңгесін салған

Бүгін, 10:05
Ернұр Қайнар Ернұр Қайнар
Астана тұрғындары S-Group қаржы пирамидасына 136 млн теңгесін салған
Фото: Оңалхан Өнерхан

Қаржылық мониторинг агенттігі Астана қаласы бойынша департаменті Sincere Systems Group LTD (S-Group) қаржы пирамидасының құрылымдық бөлімшесін ұйымдастыру және басқару фактісі бойынша тергеу жүргізуде, деп хабарлады Elordainfo.kz.

S-Group компаниясы өзін Ұлыбританиядағы инвестициялық қор ретінде таныстырып, Forex нарығында сенімгерлік басқару, майнинг және SWP, SWCT ішкі криптотокендерімен сауда жүргізу қызметтерін ұсынатындығын мәлімдеген.

Салымшыларға айына 15%-20%, жылына 120%-180% көлемінде табыс уәде етілген.

«Инвестициялық қызметтің шынайы жүргізіліп жатқандай көрінуі үшін қатысушыларға компанияның сайтындағы жеке кабинетке қолжетімділік берілген, онда виртуалды депозиттер, «табыстың өсімі» және есептелген қаражат көрсетілген.

Алайда іс жүзінде салымшылардың қаражаты инвестицияланбаған, күдіктілердің жеке қажеттіліктеріне жұмсалған», - делінген хабарламада.

Келтірілген залалдың жалпы сомасы 136 млн теңгеден асты.

Қылмыстық жолмен алынған табысқа ұйымдастырушылар елордада 2 пәтер және 2 автокөлік сатып алған, оларды мүмкін болатын тәркілеуден жасыру мақсатында сенімді тұлғалардың атына рәсімдеген.

Сот санкциясымен аталған мүлікке тыйым салынды.

Күдіктілерге қатысты бұлтартпау шарасы ретінде елден шықпау және тиісті мінез-құлық туралы қолхат қолданылды.

Тергеу жалғасуда.

ҚР ҚІЖК-нің 201-бабына сәйкес өзге ақпарат жариялауға жатпайды.

Айта кетейік, бұған дейін жалған брокерлерді қалай анықтауға болатынын жазғанбыз.