9 млн теңгеден астам залал келтірген: Ақмола облысында «балық браконьерлері» сотталды

Бүгін, 14:58
Жібек Наурыз Жібек Наурыз
9 млн теңгеден астам залал  келтірген: Ақмола облысында «балық браконьерлері» сотталды
Фото: freepik.com/ЖИ

Біржан сал ауданының прокуратурасы «Бурабай» мемлекеттік ұлттық табиғи паркі құрамына кіретін және ерекше қорғалатын табиғи аумаққа жататын Жөкей көлінде заңсыз балық аулаумен айналысқан адамдар тобына қатысты қылмыстық іс бойынша сапалы және жан-жақты қадағалауды қамтамасыз етті, деп хабарлады Elordainfo.kz Ақмола облысының прокуратурасына сілтеме жасап. 

Тергеу анықтағандай, 2024 жылдың қыркүйегінде үш азамат алдын ала сөз байласу арқылы үрлемелі қайықтарды пайдаланып, түнгі уақытта көлден жабынды тормен 640 килограммнан астам балық аулаған.

Мемлекетке келтірілген залал 9 млн теңгеден асты.

 Аудан прокуроры айыпталушыларды Ақмола облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаларық сотына беріп, мемлекеттік айыптауды қолдады, онда сот пен алқабилер алдында олардың кінәларының толық дәлелдегенін қамтамасыз етті.

«Ағымдағы жылғы 1 желтоқсандағы сот үкімімен 3 азамат кінәлі деп танылды. Балық аулау кәсібімен айналысу құқығынан 5 жыл мерзімге айырылып, 4 жылға сотталды», - делінген хабарламада. 

Прокуратура экологиялық құқық бұзушылықтарға заңның бұлтартпастығын еске салады, сондықтан азаматтарды балық аулау ережелеріне және су биологиялық ресурстарын қорғауға жауапкершілікпен қарауға шақырады.

Еске салайық, бұдан бұрын Балқаш көлінде 250 келі балықты заңсыз аулаған браконьерлер ұсталғанын хабарладық.