Тарифтерді көтеру кезінде тұтынушыларға түсетін жүктеме біркелкі болуы керек - Жоғары аудит палатасы
ҚР Жоғары аудиторлық палатасының отырысында ҚР Ұлттық экономика министрлігі Табиғи монополияларды реттеу комитеті (ТМРК) қызметінің тиімділігіне жүргізілген аудиттің қорытындылары қаралды, деп хабарлады Elordainfo.kz Жоғары аудит палатасына сілтеме жасап.
Табиғи монополия белгілі бір нарықта бәсекелес жағдай жасау мүмкін болмағанда немесе экономикалық тұрғыдан орынсыз болған кезде пайда болады. Бұл белгілі бір тауарларды өндіру мен көрсетілетін қызметтердің технологиялық ерекшеліктеріне байланысты. Бұған мұнай мен газды магистральдық құбырлар арқылы тасымалдау, теміржол тасымалы, электр энергиясын беру мен тарату және т.б. жатады.
ТМРК-нің негізгі міндеті – тұтынушылар, мемлекет және табиғи монополия субъектілері (ТМС) мүдделерінің теңгерімін қамтамасыз ету. Аудит барысында Комитеттің және оның өңірлік департаменттерінің жекелеген функциялары мен практикалары пысықтауды және жетілдіруді талап ететіні анықталды.
Мәселен, ТМС мемлекеттік тіркелімін есепке алу мен өзектілендіруге жүргізілетін бақылауды арттыру қажет. Заңға сәйкес тіркелімге қосу және одан алып тастау субъектінің өтініші бойынша жүзеге асырылады. Алайда бұл тіркелімде қызметін тоқтатқан компаниялардың болуына жағдай жасайды.
«Тарифті инвестицияға айырбастау» бағдарламасын іске асыруда да жекелеген кемшіліктер анықталды. Оның барлық тармақтарының орындалғанына қарамастан, бағдарламаның қолданысын кеңейту біркелкі жүргізілмеген. Бұл ТМС-ны тарту деңгейі қазіргіден жоғары болуы мүмкін екенін білдіреді. Нәтижесінде басталып қойған жобаларды қолдауға басымдық берілген.
«Табиғи монополияларды реттеу комитеті тарифтерді көтеру есебінен тұтынушыларға түсетін жүктеменің біркелкі әрі теңгерімді болуы тұрғысынан мұқият талдау жүргізуі керек», - делінген хабарламада.
Аудит барысында анықталған рәсімдік бұзушылықтар мен жүйелік кемшіліктерді жою үшін Үкіметке және уәкілетті мемлекеттік органдарға қажетті ұсынымдар мен тапсырмалар берілді.
Еске салайық, бұдан бұрын аудиторлар көп төлемдер алу үшін жұмыс орындарының санын көбейту фактілерін анықтағанын хабарладық.