JOLTAP жастарға үлкен мүмкіндік береді – жобаға қатысушы
JOLTAP – елордадағы жұмыссыздықты төмендетуге, тұрғындардың кәсіби дағдылары мен табысын арттыруға бағытталған әлеуметтік жоба. Жоба аясында жұмысқа орналасу, қысқамерзімді кәсіби және цифрлық дағдылар бойынша оқу курстары өткізіледі. Осы курсқа қатысқандардың бірі – елордалық Тахмина Унгарбаева, деп хабарлады Elordainfo.kz.
19 жастағы Тахмина Унгарбаева – қаладағы Қазақ ұлттық өнер университетінде киім дизайны мамандығының 2-курс студенті.
«Жаз кезінде тігін курстарын іздеп жүрген едім. Себебі мамандығым бойынша тігіп үйрену мен үшін маңызды болды. Сол кезде әпкем маған JOLTAP жобасының тегін курстары туралы айтты. Осыған қызығушылық танытып, қаладағы «Баршаға мүмкіндік» модульдік пунктіне барып, жан-жақты ақпарат алып, курсқа тіркелдім», - деді бойжеткен.
Жоба арқылы ол модельер-конструктор және тігін курстары бойынша білім алған.
«Модельер-конструктор сабағы маусым айында басталды. Ал тігін курсы шілденің ортасында басталып, тамыздың басында аяқталды. Курстар арқылы мен пішуді, сызбалар жасауды, оларды модельдеуді, түрлі тігіс түрлерін, қалта мен жаға пішіндерін тігуді үйрендім», - деді елордалық студент.
Сондай-ақ ол курста теориялық сабақ пен практикалық тәжірибе де қатар жүргенін айтты.
«Оқу процесі өте қызықты өтті. Модельер-конструктор курсында өткен тақырыптарды жазып алып, сол сәтте практикада жасап көрдік. Өз өлшемдерімізді алып, оларды сыздық. Кейін дайын қалып жасауды үйрендік. Ал тігін курсында сабақтың көп бөлігі практикаға арналды. Оқытушылар теорияны бірден практика жүзінде көрсетіп отырды», - деді жобаға қатысушы.
Кейіпкеріміз курста үйренген дүниелерді күнделікті өмірде пайдасына жаратып жүр.
«Мұнда алған білімімді университеттегі жобаларда қолданамын. Мәселен, жақында өткен Fasion Eco Fest көрсетілімінде өз образыма арналған киімді сол алған білімнің арқасында тігіп шықтым. Менің ойымша, бұл жобаның пайдасы өте көп. Ол жаңа білім мен тәжірибе беріп қана қоймай, сенімділік пен шабыт сыйлайды. Сонымен қатар алған білім арқылы бірден жұмыс табуға да мүмкіндік бар. Мысалы, бір танысым маған киімге тапсырыс бергісі келген еді. Алайда мен сабақ пен жұмысты қатар алып жүре алмағандықтан, әзірге бас тартуға тура келді», - деді ол.
Сөз соңында ол жоба ұйымдастырушыларына алғысын айтты.
«Ұстаздарымыз барлық ақпаратты қысқа әрі нұсқа түсіндіреді. Модельер-конструктор курсында 7 адам, ал тігінші курсында 11 адам оқыдық. Осы жоба арқылы курстарға қатысқаныма өте қуаныштымын. Ұйымдастырушыларға айтар алғысым шексіз. JOLTAP жобасы расында жастарға жол ашып, өмірде өз орнын табуға үлкен мүмкіндік береді», - деп сөзін түйіндеді Тахмина Унгарбаева.
Бұған дейін Астана тұрғыны JOLTAP жобасы туралы пікірін білдіргенін жаздық.