JOLTAP жобасының түлегі Нұргүл Жұмабекқызы жоба аясында өзіне ыңғайлы кестемен жұмыс тапқанын айтты, деп хабарлады Elordainfo.kz.
Нұргүл Жұмабекқызы 4 баланың анасы. Негізгі мамандығы – мұғалім. Алайда бұған дейін мамандығы бойынша жұмыс істемегенін айтады.
«Үйде бала тәрбиесімен отырған анамын. Осы уақытқа дейін әртүрлі жұмыс істеп, өзімнің бағытымды айқындай алмай жүрдім. Істеген жұмыстарым көңілімнен шықпады. Бір күні қызым JOLTAP жобасы бойынша тегін курсты оқығысы келетінін айтты. Ол кезде оның жасы 18-ге толмаған еді. Ата-анасының бірі бірге баруы керек болды. Содан мен онымен бірге барып, жоба аясындағы қысқамерзімді түрлі курстың бар екенін білдім. Жасым 43-те болса да, өзімнің де оқуға деген қызығушылығым оянып, тігін курсына жазылдым. Жоба мамандары да тігін курсын таңдауыма кеңес берді. Дегенмен тігінші болып кетемін деп ойламадым. Ал қызым SMM курсына жазылды. Бір ай күткен соң, сабағымыз басталды. Осылайша 22 күндік курсты оқып бітірдім. Кураторым Фарида Арыстанқызы бәрін тыңғылықты түрде түсіндірді», - деді ол.
Нұргүл Жұмабекқызы жоба оған ерекше ұнағанын, сабақ та өте қызықты болғанын айтады.
«Тігін тігуді әр әйел білетін шығар. Әйел адам болған соң, ине мен жіпті ұстауды білеміз, балалардың киімін тігіп беру қолдан келетін. Бірақ көп нәрсені білмеппін. Тігінші боламын деген жоспарым да болмаған еді. Шынымды айтсам, тегін курсқа жазыла салдым. Шақырған соң, барып көрейін дедім. Сабақ барысында тігін тігуге деген қызығушылығым оянды. Курс кезінде бұл істің қыр-сырын үйрендім. JOLTAP жобасының аты айтып тұрғандай, мен де мұны кездейсоқ емес шығар, менің жолым осы шығар деп ойладым. Сабақ өте қызықты болды. Бұл жоба жастарға, кез келген адамға жақсы мүмкіндік екен. Әсіресе, үйде отырған аналарға көмегі көп дер едім. Сабақ беретін ұстаздарға алғысым зор», - деп қосты жоба түлегі.
Оның сөзінше, жоба аясында тек курс оқытып қоймай, мамандар жұмысқа орналасуға да көмектеседі.
«Кураторларымыз курс аяқталған соң да, бізбен байланысты үзбеді. WhatsApp-та топ құрып, әрі қарай да ақпарат бөлісіп отырды. Қай жерге жұмысқа орналасуға болатынын айтып, тігін фабрикаларындағы бос орындар туралы ақпарат жіберіп, көмектесіп жатыр. Курс бітірген кезде, ұстаздарым тігін фабрикасынан жұмыс тауып берді. Бірақ ол жердің жұмыс кестесі таңнан кешке дейін болғандықтан, маған ыңғайсыз болды. Өйткені балаларымды мектепке апарып-алып келуім керек. Қазіргі таңда ательеде өзіме ыңғайлы кестемен жұмыс істеп жүрмін. Жұмысым өзіме ұнайды, түстен кейін сағат 16.00-де басталып, кешкі сағат 21.00-де аяқталады. Әлі де кураторымнан кеңес сұрап тұрамын. Ол кісілерге көп рақмет. Енді алда тағы бір курс оқуды жоспарлап жүрмін», - деді Нұргүл Жұмабекқызы.
Айта кетейік, JOLTAP жобасы Астана қаласы әкімдігінің бастамасымен және «Жаңа мүмкіндік» қоғамдық қорының қолдауымен жүзеге асырылып жатыр. Оның аясындағы қысқамерзімді оқыту бағдарламасы 18-50 жас аралығындағы Астана тұрғындары үшін тегін түрде қолжетімді. Оқудан кейін қатысушыларға сертификат беріледі. Ал түлектердің кандидатуралары JUMYSTAP.KZ атты жұмыс және қызметкерлерді іздеуге арналған сайтта тегін жарнамаланады.