Астанада қазақтың XXI ғасырдағы дәстүрі мен құндылықтары туралы жинақ таныстырылды

Бүгін, 16:14
Ернұр Қайнар Ернұр Қайнар
Астанада қазақтың XXI ғасырдағы дәстүрі мен құндылықтары туралы жинақ таныстырылды
Фото: senate.parlam.kz

Бүгін Астанада «Қазақтың ХХІ ғасырдағы дәстүрі мен құндылықтары» атты бірегей тұжырымдамалық жинақ көпшілікке таныстырылды, деп хабарлады Elordainfo.kz Сенаттың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Іс-шараға Парламент Сенатының төрағасы Мәулен Әшімбаев, депутаттар, ғалымдар, сараптамалық және қоғамдық ұйымдардың өкілдері қатысты.

Мәулен Әшімбаев аталған рәсімнің мемлекеттік мереке – Тәуелсіздік күні қарсаңында өткізілуінің символикалық мәніне назар аударып, бұл күнде бос науқанға жол бермей, терең мазмұн, дұрыс құндылықтар және ұзақмерзімді бағдарды дәріптеудің маңызы зор екенін айтты. Сондай-ақ ол кітаптың ұлттық бірегейлікті нығайту және жаңа қоғамдық этика қалыптастыру жолындағы ерекше рөліне тоқталды. Сенат төрағасы Мемлекет басшысы бұл маңызды бағыттарға үнемі баса мән беріп келе жатқанын атап өтті.

«Бірегейлік туралы бүгінгі сұхбатымыз Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев белгілеп берген идеологиялық бағдармен тікелей байланысты. Мемлекет басшысы жаңа қоғамдық этика қалыптастыруға, жауапкершілік мәдениетін ілгерілетуге, «Заң мен тәртіп» қағидатын дамытуға және қоғамға қызмет етуге дайын адал, білімді, кемелденген – «Адал азамат» идеологиясын нығайтуға айрықша көңіл бөліп келеді. Осы орайда «Реформалар мәні» сериясымен «Түркістан» газетіне жарияланған мақалам да аталған мәселеге арналғанын айта кеткен жөн. Мақалада қуатты мемлекеттік институттармен және тұрақты экономикамен қатар ұлттық бірегейлік те Қазақстанның қазіргі таңдағы маңызды тіректерінің бірі екенін айтқан едім», – деп, Сенат төрағасы ауқымды зерттеулер жүргізгені үшін кітап авторларына алғыс білдірді.

Айта кетейік, жаңа жинақтың авторлары – бұған дейінгі еңбектері академиялық және қоғамдық дискурстың маңызды бөлігіне айналған белгілі зерттеушілер. Олардың қатарында Сенаттың жобаларына, оның ішінде Сарапшылар клубы мен Талдау мектебінің жұмысына белсенді қатысып жүрген Әлима Бисенова, Сұлтан Әкімбеков, Радик Темірғалиев секілді білікті мамандар бар.

Іс-шарада Мәулен Әшімбаев эмпирикалық деректермен қатар терең философия, мәдени жады және тарихи сана жаңа еңбектің бірегейлігін айшықтай түсетінін тілге тиек етті. Сондай-ақ кітапта салт-дәстүрлер мен шежіре бірегейлігі, коммеморативті тәжірибелер, отбасылық қатынастардың өзгеруі, қала өмірінің жаңа формалары, құндылықтардың құбылуы кеңінен талданғанын атап өткен жөн. Мұндай тақырыптар оқырманға ұлттық мәдениеттің тірі, көпқырлы және динамикалық мәнге ие екенін көруге мүмкіндік береді.