Алматыда жастар ресурстық орталығының жаңа ғимараты ашылды

14 желтоқсан, 2025
Кербез Әлішер Кербез Әлішер
Алматыда жастар ресурстық орталығының жаңа ғимараты ашылды
Фото: Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметі

Алматы облысы Қарасай ауданында Жастар ресурстық орталығының жаңа ғимараты пайдалануға берілді. Салтанатты ашылу рәсіміне Мәдениет және ақпарат министрлігінің өкілдері, жергілікті атқарушы органдар, белсенді жастар мен қоғам қайраткерлері қатысты, деп хабарлады Elordainfo.kz министрліктің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Жалпы аумағы 1 000 шаршы метрді құрайтын жаңа ғимаратта Мансап орталығының, «Отбасы банк» және Жастар денсаулығы орталығының мамандары орналасып, кешенді қызмет көрсету ұйымдастырылған.

Сонымен қатар, орталықта әлеуметтік шеберхана жұмыс істейді. Мұнда тігіншілік пен киім үлгісін әзірлеу дағдыларын тегін меңгеруге болады. Аталған жоба жастардың өзін-өзі жұмыспен қамтуына, қосымша табыс табуына және әлеуметтік тұрғыдан бейімделуіне бағытталған.

Бұдан бөлек, орталықта білім беру және мәдени бағыттағы іс-шаралар тегін өткізіледі. Жастар психологиялық және құқықтық көмек алып, жұмысқа орналасу, сондай-ақ, мемлекеттік қолдау бағдарламасына қатысу мәселелесі бойынша кеңес ала алады.

Бұған дейін «Астана жастары» ЖРО подкастында жастардың қаржылық сауаттылығы талқыланғанын жаздық.