Ұлттық құрылтай сөздің емес, істің мінберіне айналды – Жанарбек Әшімжан
Осы уақытқа дейін өткен төрт құрылтай ірі тарихи міндеттерді атқарды. Төрт құрылтайдың қорытындысы бойынша 26 заң қабылданып, бүгінде тағы 10 маңызды заң жобасы пысықталып жатыр. Бұл туралы Мәжіліс депутаты Жанарбек Әшімжан әлеуметтік желідегі парақшасында жазды, деп хабарлады Elordainfo.kz.
«Ұлттық құрылтай ел дамуының стратегиялық бағыттарын айқындап қана қоймай, қоғамның тамырын басқан ойдың заңға, ал заңның ел игілігіне айналған кең диалог алаңына айналды. Үлкен айтыс-тартыспен, ізденіспен, қажырлы күреспен, әлеуметтік, экономикалық тұрғыдан өмірімізге елеулі өзгерістер әкелген ол заңнамалардың атын атап, түсін түстемей-ақ қояйын, ол іргелі құжаттардың бәрі ел игілігіне қызмет етуде. Мұны мемлекет пен қоғам арасындағы сенімді диалогтың нақты нәтижесі деуге болады. Ұлы жиында қабылданған шешімдердің түпкі мақсаты біреу - Әділетті Қазақстанда заң мен тәртіп орнату», - деді халық қалаулысы.
Депутаттың айтуынша, құрылтай мінберінде Мемлекет басшысының тапсырмасымен балалар қауіпсіздігі мен әйелдердің құқықтарын қорғау шаралары күшейтілді.
«Тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қылмыстық жауапкершілік енгізілді. Вандализмге, есірткі бизнесіне, заңсыз ойын бизнесі мен лудоманияға қарсы нақты тетіктер қалыптасты. Жоғарыда аталған кесек-кесек шешімдер қоғам сұранысына берілген әділетті жауап екені сөзсіз. Құрылтай алаңынан бастау алған Мемлекет басшысының арнайы тапсырмасымен жұмысшы мамандықтарының мәртебесі артты. Тоғыз жаңа құрметті атақ енгізіліп, 2025 жыл Жұмысшы мамандықтары жылы болып жарияланды. Еңбек адамына деген құрмет сөзбен емес, мемлекеттік саясатпен бекітілді», - деді депутат.
Президент өз Жолдауларында болашақ ұрпаққа деген қамқорлықты басты басымдық ретінде айқындап келеді. Соның бірі — балалар мен инклюзия мәселесі.
«Бұл бағытта мемлекеттің басым бағыты ретінде «Қазақстан балалары» біртұтас бағдарламасы қабылданды. Ерекше қажеттіліктері бар балаларды кешенді қолдауға арналған жеке заң жобасы әзірленуде. Аутизм орталықтары мен түзету кабинеттері ашылып жатыр. Мұның барлығы болашаққа салынған инвестиция. Ұлттық құндылықтар мен мәдени саясат Ұлттық құрылтайдың күн тәртібінен түскен емес. Ел тұрғындарының, қоғам белсенділері мен зиялы қауым өкілдерінің ұсыныстары негізінде «Адал азамат» тәрбиелік бағдарламасы мектептерге енгізілді. Ұлттық кітап күні белгіленіп, «Қазақстанның халық жазушысы» атағы қайтарылды», - деді Мәжіліс депутаты.
«Асыл мұра» жобасы арқылы мыңдаған төл туындылар әлемдік платформаларға жол тартты.
«Аймақ тұрғындары мен ауыл халқының әл-ауқатын арттыруға қатысты сын-пікірлер осы алаңда сараланып, өңірлік даму тұжырымдамасы бекітілді. Шекара маңы аумақтарын қолдауға арналған арнайы заң жобасы дайындалды. Газдандыру, тұрғын үй және инфрақұрылым бағыттарында нақты жобалар жүзеге асуда. Экономиканы ғылымға негіздеу жолындағы жүйелі қадам ретінде ғылыми қалашықтарды дамыту тұжырымдамасы қабылданды. Осы жылдар ішінде Ұлттық құрылтай сөздің емес, істің мінберіне айналды. Алдағы басты міндет қабылданған шешімдердің әрқайсысының халық өмірінде нақты нәтижеге айналуын қадағалау. Сол себепті бұл бағытта жауапкершілік те, талап та күшейе береді», - деді Жанарбек Әшімжан.