Спорттық гимнастикадан Азия чемпионатында ел намысын кімдер қорғайды

Бүгін, 13:55
Думан Аманжол Думан Аманжол
Спорттық гимнастикадан Азия чемпионатында ел намысын кімдер қорғайды
Фото: Ұлттық олимпиадалық комитеті

Спорттық гимнастикадан Қазақстан ерлер құрамасының бапкерлер штабы Қытайдың Цзуньи қаласында өтетін Азия чемпионатына қатысатын құрамды жариялады, деп хабарлайды Elordainfo.kz Ұлттық олимпиадалық комитетке сілтеме жасап.

Құрлық біріншілігінде ел намысын келесі спортшылар қорғайтын болды: Милад Карими (еркін жаттығулар, қол тіреп секіру, ат снарядында және кермедегі жаттығулар), Ильяс Азизов (көпсайыс), Дмитрий Патанин (еркін жаттығулар, қол тіреп секіру, сақиналардағы жаттығулар, қоссырық және керме), Роман Хегай (көпсайыс), Дияс Тойшыбек (ат снарядындағы жаттығулар, қоссырық және керме), Нуртан Идрисов (көпсайыс).

«Қазіргі таңда гимнастар Азия чемпионатына дайындықтың соңғы кезеңін өткізуде. Бейжіңдегі оқу-жаттығу жиыны барысында ел спортшылары Қытай ұлттық құрамасымен бірге дайындалуда», делінеді хабарламада.

Азия чемпионаты 18-21 маусым аралығында өтеді. Бұл жарыс 2026 жылы өтетін Азия ойындары мен әлем чемпионатына іріктеу жарысы болып саналады. Жолдамалар командалық жарыстардың қорытындысы бойынша сарапқа салынады. Осыған байланысты бапкерлер штабы құрамды жасақтау кезінде бірнеше снарядта өнер көрсете алатын гимнастарға басымдық берді. Сол себепті жекелей снарядтарға маманданған спортшылар тізімге енгізілген жоқ.

Сонымен қатар Қазақстан құрамасының Азия ойындарына баратын нақты құрамы құрлық біріншілігі аяқталған соң белгілі болады.