Қазақстанды саяси жүйенің түбегейлі трансформациясы күтіп тұр – Максим Споткай

Қазақстанды саяси жүйенің түбегейлі трансформациясы күтіп тұр – Максим Споткай
Фото: Instagram/spotkaymaxim

Қызылорда қаласында өткен Ұлттық құрылтайдың отырысында Мемлекет басшысы саяси, экономикалық, әлеуметтік және өзге де салалардағы реформаларды қамтитын ауқымды реформалық бастамалар топтамасын ұсынды. Өңірлерді дамыту, энергетикалық қауіпсіздік, экономикалық өсім, жаппай цифрландыру, инфрақұрылымды дамыту және адами капиталды нығайту мәселелері қамтылды. Мұндай пікірді ҚР Парламенті Сенаты аппаратының басшысы Максим Споткай айтты, деп хабарлады Elordainfo.kz.

«Мемлекет басшысының сөзіндегі негізгі бағыттардың бірі – мемлекеттік билік институттарын одан әрі жаңғыртуға қатысты ел Президентінің көзқарасын таныстыру болды. Қасым-Жомарт Тоқаев жаңа ұлттық парламенттік модельдің функциялары мен міндеттеріне нақты тоқталды. Атап айтқанда, құрылтайда (Парламенттің жаңа атауы) 8 комитеттен аспайтын құрылым қалыптастырылып, депутаттар саны 145 адамды құрайды, оның ішінде 3 вице-спикер болады. Конституциялық соттың, Жоғары аудиторлық палатаның және Орталық сайлау комиссиясының барлық мүшелерін тағайындау құрылтайдың келісімімен ғана жүзеге асырылады. Жоғарғы соттың барлық судьялары Президенттің ұсынуы бойынша сайланады. Бұл жаңа Парламенттің шын мәнінде ықпалды институтқа айналуына және жүзеге асырылып жатқан реформалар шеңберінде заң қабылдау үдерісінің тиімді әрі сапалы болуын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді», - деді Сенат аппаратының жетекшісі.

Президент Қызылордада өткен Ұлттық құрылтайда Қазақстан халқы Ассамблеясы таратылып, оның орнына Халық кеңесі құрылатынын мәлімдеген болатын.

«Елде заң шығару бастамасы құқығына ие жаңа жоғары консультативтік-кеңесші орган – Халық кеңесі құрылатын болды. Бұл институт Қазақстандағы этностардың, өңірлердің және қоғамның түрлі топтарының шешім қабылдау жүйесіндегі өкілдігін қамтамасыз етеді. Осылайша, ұлтаралық келісім саясатының сабақтастығы сақталады (оның негізгі үйлестіруші рөлін Қазақстан халқы Ассамблеясы атқарып келді). Сонымен бірге, жалпыұлттық диалог үшін анағұрлым кең платформа қалыптастырылады. Сондай-ақ, вице-президент лауазымы енгізіледі. Ол Қазақстанның халықаралық форумдар мен келіссөздердегі мүдделерін білдіреді, Парламентте Президенттің мүддесін таныстырады, сондай-ақ отандық және шетелдік қоғамдық-саяси, ғылыми және мәдени-ағартушылық ұйымдармен өзара іс-қимыл жасайды. Жалпы алғанда, Ұлттық құрылтайда белгіленген бастамалар саяси салада бұрын жүзеге асырылған реформаларды толықтырып, олардың әсерін күшейтеді», - деп сөзін түйіндеді Максим Споткай.