Астана медицинасының дамуы: сапалы қызмет, жаңа инфрақұрылым және цифрлық шешімдер
Бүгінде елорданың денсаулық сақтау жүйесінде 14 мыңға жуық медицина қызметкерлері жұмыла еңбек етіп жатыр. Олардың кәсібилігі, жауапкершілігі мен жанқиярлық еңбегі арқасында медициналық көмектің сапасы мен қолжетімділігі күн санап артып келеді. Ақ халаттылардың жүйелі жұмысының нәтижесін түрлі аурулар мен жазатайым оқиғалардан болатын өлім-жітім көрсеткіштерінің төмендеуінен де байқауға болады. Бүгінде астаналықтардың өмір сүру ұзақтығы 78,8 жасқа жетті. Бірқатар маңызды бағыттарды бағдарға алған саланың басқа да жетістіктері жетерлік. Elordainfo.kz тілшісі бас қаланың денсаулық сақтау жүйесіндегі атқарылған ауқымды істерді саралады.
Астана қаласының қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, биыл денсаулық сақтау жүйесі алдына бірқатар басым міндет қойылды. Атап айтсақ, медициналық көмек көрсетудің заманауи халықаралық стандартын енгізу, медицина қызметкерлерінің біліктілігін арттыру, жаңа денсаулық сақтау объектілерін салу және жұмыс істеп тұрған медициналық ұйымдарға күрделі жөндеу жүргізу, сонымен қатар, жүйеге жасанды интеллект технологиясын енгізу.

Елорда медицинасы халықаралық деңгейде бәсекеге қабілетті
Медициналық көмектің қолжетімділігі мен сапасын арттыру елордалық денсаулық сақтауды дамытудың басты бағытының бірі болып қала береді. Бүгінде басқармада бұл жұмыс бірден бірнеше бағыт бойынша жүргізілуде. Біріншіден, алғашқы медициналық-санитарлық көмек қызметі жетілдіріліп жатыр. Учаскелік қызмет дамытылып, кеңейтілген практика медбикелерінің жұмысы енгізілді. Науқастарға үйден қызмет көрсету үшін мобильді бригадалардың қызметі ұйымдастырылып, дәрігер қабылдауына медициналық ақпараттық жүйе арқылы дербес жазылу мүмкіндігі кеңейтілді.
Бүгінгі таңда мамандардың басты алаңдаушылығы, бүкіл әлемді толғантатын мәселе, жұқпалы емес аурулар. Ең алдымен, бұл - қан айналымы жүйесінің ауруы, онкологиялық аурулар, қант диабеті және тыныс алу органдарының созылмалы аурулары. Олар адам өлімі мен мүгедектігіне басты себепші болғандықтан ерекше назар аударуды талап етеді. Бұл тұрғыда, яғни, профилактикалық медицинаның негізгі бағытының бірі ретінде скринингтік бағдарламаны дамыта түсу қажеттілігі туындайды. Бұл тәсіл халықтың өмір сүру ұзақтығы мен сапасын арттырудың маңызды құралы болып қала береді.
Аналар мен балалардың денсаулығын сақтау мәселесі де Астана қаласы Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының ерекше бақылауында. Қаланың медициналық ұйымдарында әйелдер мен балалардың денсаулығын сақтауға және нығайтуға бағытталған іс-шаралар кешені іске асырылуда. Репродуктивті денсаулықты қорғауға, жүктілікке, босануға және босанғаннан кейінгі кезеңге медициналық қолдау көрсетуге, сондай-ақ балаларға мамандандырылған медициналық көмектің қолжетімділігін қамтамасыз етуге ерекше назар аударылады.
Отбасыларды қолдаудың қосымша құралы ретінде қалалық емханаларда балалардың даму бұзылысын ерте анықтауға, мүгедектіктің алдын алуға, оңалту іс-шараларының тиімділігін арттыруға және отбасыларға жан-жақты қолдау көрсетуге бағытталған 38 орталық жұмыс істейді.
Ал жұқпалы аурулардың алдын алудың маңызды құралы - халықты иммундау. Вакцинация балаларды қызылша, полиомиелит, туберкулез, В вирустық гепатиті және басқа ауруларды қоса алғанда, бірқатар инфекциядан қорғауға мүмкіндік береді.
Осы орайда елорда медицинасының бірқатар бағыты халықаралық деңгейде сәтті бәсекелесіп отырғанын атап өткен жөн. Былтыр күрделі және жоғары технологиялық операциялардың 39 түрі бойынша 287-ден астам қызмет көрсетілді.

Сала мамандардың кәсіби әлеуетіне ден қойылады
Басқарма саланы кадрлармен қамтамасыз етуге, медицина қызметкерлерінің біліктілігін арттыруға ерекше көңіл бөліп отыр. Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Шәріпбайқызының бастамасымен қолға алынған «Медицина қызметкерлерінің біліктілігін арттыру жылы» аясында 1 800-ге жуық дәрігер мен орта медицина қызметкері курс оқыса, 59 маман шетелде біліктілігін арттырды. Бұл тәжірибе биыл да жалғасын таппақ. Соңғы екі жылда 80-нен астам резидент жұмысқа орналастырылды, ал биыл денсаулық сақтау жүйесі қызметкерлері сапына 425 орта медицина қызметкері қосылады.
Бас қаладағы денсаулық сақтау инфрақұрылымының дамуы қарқынды
Биыл Ұлттық шұғыл медицинаны үйлестіру орталығында «Есіл» және «Нұра» аудандарының тұрғындары үшін балалар травматологиялық пункті ашылды. Бір ауысымда 350 адам қабылдайтын тағы бір емхана «Нұрлы жол» вокзалы ауданында ашылды, бұл аудан тұрғындарына сапалы медициналық көмек көрсетуді және қадамдық қолжетімділікті қамтамасыз етуге мүмкіндік берді. Жақын арада № 2 қалалық көпсалалы аурухананың жанындағы қабылдау-диагностикалық кешеннің құрылысы аяқталады, бұл сол жағалау тұрғындары мен елорда қонақтарына шұғыл медициналық көмектің қолжетімділігі мен сапасын едәуір арттыруға мүмкіндік береді. Сондай-ақ, «Сарыарқа» ауданында 250 төсектік жаңа перинаталдық орталық пен 300 төсектік көпсалалы қалалық аурухананың құрылысы басталды. Келесі жылы «Сарайшық» ауданында тағы 1-ші перинаталдық орталықтың және «Есіл», «Нұра», «Сарайшық» және «Байқоңыр» аудандарында 4 емхананың құрылысын бастау жоспарланған.
Биыл, сондай-ақ, медицина қызметкерлерін әлеуметтік қолдау бағытында елорда медицинасының 400-ден астам маманын тұрғын үймен қамтамасыз ететін жатақхананың құрылысы аяқталады.
Бұдан басқа, елорданың қолданыстағы денсаулық сақтау нысандары бойынша жаңарту жүргізіліп жатыр.
Сондай-ақ, елорда әкімдігі қаланың денсаулық сақтау жүйесін техникалық жарақтандыруға ерекше назар аударып отыр. Жедел жәрдем жұмысының жеделдігін арттыру үшін соңғы жылдары 47 көлік сатып алынды. Биыл қосымша 20 бірлік көлік сатып алынады деп жоспарланған, бұл халыққа шұғыл көмектің қолжетімділігін айтарлықтай нығайтылмақ. 276 медициналық жабдық сатып алынды. Биыл тағы 436 жабдық сатып алынады деп көзделіп отыр.

Елордалық денсаулық сақтау жүйесі - цифрлық шешімдерді енгізу бойынша көшбасшының бірі
Бүгінгі таңда цифрландыру және жасанды интеллект қазіргі заманғы денсаулық сақтау жүйесінің ажырамас бөлігіне айналуда. Мемлекет Басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев медициналық көмектің сапасы мен тиімділігін арттыру үшін озық цифрлық технологияны, оның ішінде жасанды интеллектті енгізудің маңыздылығын бірнеше рет атап өтті. Жасанды интеллект бүгінде дәрігерлерге тезірек және дәлірек шешім қабылдауға көмектесетін нақты құрал. Оны қолдану диагностиканы жеделдетуге, медициналық талдаудың дәлдігін арттыруға, көлемді деректерді тиімді өңдеуге және пациенттерді емдеуге тиімді тәсілді пайдалануға мүмкіндік береді.
Елордалық денсаулық сақтау жүйесі цифрлық шешімдерді енгізу бойынша көшбасшының бірі. Ең сәтті жобалардың бірі - PACS жүйесі. Бұл - радиологиялық зерттеулердің бірыңғай цифрлық мұрағаты. Бүгінгі таңда жүйеде 4 миллионнан астам зерттеулер біріктірілген және бұл арқылы диагностика мерзімін 30-дан 3 күнге дейін қысқартуға болады. Жүйе қалалық медициналық ұйымдарға қосылған. Іске қосу басталғаннан бері елорданың жалпы орталық серверінде 360 000-нан астам рентгенологиялық зерттеу жинақталған.
Тағы бір маңызды бағыт - инсультті диагностикалау үшін жасанды интеллектті қолдану. Елорданың үш инсульт орталығында жасанды интеллект (АИ) технологияларын қолдана отырып диагностика жүйесі енгізілді, ол жоғары жылдамдықпен, сенімділікпен және адамның қатысуынсыз КТ-суреттеріндегі өткір ишемия белгісін анықтауға мүмкіндік береді. Бүгінгі таңда осы технологияның көмегімен 4 мыңнан астам зерттеулер жүргізілді, бұл инсультпен ауыратын науқастарға жедел медициналық көмек көрсетуге ықпал етеді.
Жедел медициналық жәрдем қызметінің цифрлық трансформациясына да ерекше назар аударылып отыр. Барлық бригада GPS трекермен және заманауи байланыс құралымен жабдықталған. Бұл нақты уақыт режимінде қозғалыс маршруттары мен жедел әрекет етуді бақылауға мүмкіндік береді. Медицина қызметкерлерінің қауіпсіздігін арттыру үшін диспетчерлік қызмет барлық санитарлық автокөлікке онлайн мониторинг жүргізу мүмкіндігі бар бейнетіркегішпен жабдықталған. Бұдан басқа, мамыр айынан бастап 109 қалалық ахуалдық орталығы жұмыс істейді, ол нақты уақыт режимінде шұғыл қызметтердің жұмысына мониторинг жасайды.
Бұған қоса, онлайн-консультациялар мен қашықтан медициналық қызметтер көрсету бағыты бойынша цифрлық шешімдерді енгізу қарастырылып отыр.
Ал азаматтардың өтініштері денсаулық сақтау жүйесі жұмысының тиімділігінің маңызды индикаторы десек болады және қосымша назар аударуды талап ететін мәселені уақтылы анықтауға мүмкіндік береді.
2026 жылдың бірінші жартыжылдығында Астана қаласының қоғамдық денсаулық сақтау басқармасына 7 785 өтініш келіп түсті, оның 96,6%-ы электрондық форматта, негізінен e-Otinish порталы арқылы жіберілді. Бұл халықтың цифрлық арналарға деген сұранысының жоғары екендігін көрсетеді.
Тұрғындар емханаларға тіркелу, дәрігерлердің қабылдауына жазылу, мамандардың консультацияларын алу, ауруханаға орналасу, дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету мәселесі бойынша жиі жүгінеді. Өтініштің ең көп үлесі амбулаториялық-емханалық көмек саласына тиесілі, ол келіп түскен өтініштердің 40%-ынан асады.
Тағы бір маңызды қадам «ikomekhealth109» жобасын іске қосу, ол «күн сайын» форматында өтініштерді өңдеуді қамтамасыз етеді және медициналық қызметтің сапасын арттыруға ықпал етеді. Бүгінгі таңда жоба негізінде 4 мыңға жуық өтініш қабылданды.
Қорыта айтқанда, медицина қызметкерлерінің біліктілігін арттыру, қызмет сапасын арттыру, жаңа медициналық нысандарды іске қосу мен заманауи технологияларды енгізу тұрғындардың сапалы әрі қолжетімді медициналық көмек алуына мол мүмкіндік ашады. Ал денсаулық сақтау жүйесін дамыту – үздіксіз жүргізілетін жұмыс. Демек, алдағы уақытта да бұл жұмыстар жүйелі түрде жалғаспақ.