Тәжікстан ОСК төрағасы Қазақстандағы Құрылтай депутаттарының сайлауына жоғары баға берді
Қазақстанға Құрылтай депутаттарының сайлау барысын бақылау үшін елорданың №316, №317 сайлау учаскелеріне келген Тәжікстан Республикасы Орталық сайлау және референдум комиссиясының төрағасы Бахтиёр Худоёрзода Қазақстан тарапына шақырғаны үшін алғыс білдірді, деп хабарлайды Elordainfo.kz тілшісі.
Оның айтуынша, биыл көктемде Қазақстанда конституциялық реформа жүргізіліп, елдің заң шығарушы билігі мен сайлау жүйесіне өзгерістер енгізілді.
«Соның нәтижесінде Қазақстанда бұған дейінгі қос палаталы Парламенттің орнына бір палаталы заң шығарушы орган – Құрылтай құрылуда. Бұл Қазақстанда мемлекеттік басқару жүйесін жетілдіруге бағытталған жоспарлы әрі жүйелі жұмыс жүргізіліп жатқанын көрсетеді», – деді Бахтиёр Худоёрзода.
Тәжікстандық бақылаушы Қазақстандағы сайлаудың ұйымдастырылу деңгейіне оң бағасын берді. Оның сөзінше, сайлау учаскелеріндегі жұмыс алдын ала жоспарланып, сайлаушыларды ақпараттандыру және ұйымдастыру мәселелері жүйелі түрде қамтамасыз етілген.
«Біздің бақылауымыз көрсеткендей, учаскелік комиссиялар сайлаушылардың өз еркін еркін білдіруі үшін барлық қажетті жағдайды жасаған. Азаматтар өздері таңдаған партияға дауыс бере алады», – деді ол.
Бахтиёр Худоёрзода бұл сайлаудың басты ерекшелігінің бірі ретінде Қазақстанның пропорционалды сайлау жүйесіне көшуін атап өтті. Енді сайлаушылар партиялық тізімдер бойынша дауыс береді.
Тәжікстан ОСК төрағасы Қазақстан халқына бейбітшілік, өркендеу және серпінді даму тіледі.