Елордадағы сайлау учаскесінде домбыра ансамблі өнер көрсетті
Астана қаласының Алматы ауданындағы №60 сайлау учаскесінде Құрылтай депутаттарының сайлауына орай мәдени бағдарлама ұйымдастырылды. Мұнда «Асыл мұра» домбыра ансамблі өнер көрсетіп, сайлаушыларға музыкалық көңіл күй сыйлады, деп хабарлайды Elordainfo.kz тілшісі.
Ұлттық аспапта орындалған күйлер сайлау учаскесіне келген тұрғындарға ерекше әсер сыйлады. Ансамбль мүшелері өздері де дауыс беріп, азаматтық таңдауын жасады.
«Бүгін Құрылтай депутаттарының алғашқы шақырылымын сайлау күні. Бұл - еліміз үшін маңызды саяси кезең. Әрбір Қазақстан азаматы сайлауға қатысып, елдің дамуына өз үлесін қосуы керек деп есептеймін. Бүгін «Асыл мұра» домбыра ансамблі болып келіп, сайлаушыларға өнерімізді ұсындық. Ансамбльдің құрылғанына бес жыл болды. Бүгін әрқайсымыз дауыс беріп, өз таңдауымызды жасадық», – деді «Асыл мұра» ансамблінің көркемдік жетекшісі Аманкүл Тоқбергенова.

«Асыл мұра» домбыра ансамблінің мүшелері сайлау күніне орай ұлттық өнерді насихаттауды мақсат еткен. Өнерпаздардың орындауындағы күйлер сайлау учаскесіндегі мәдени бағдарламаның бір бөлігі болды.
