Оқу-жаттығу жиынында жүрген Нұрбек пен Айбек Оралбай Құрылтай сайлауында дауыс берді
Алматы облысының Есік қаласында оқу-жаттығу жиынында жүрген Қазақстан ұлттық құрамасының мүшелері, елордалық боксшылар Нұрбек пен Айбек Оралбай Құрылтай сайлауында өз таңдауларын жасады, деп хабарлайды Elordainfo.kz.
2024 жылғы Париж Олимпиадасының күміс жүлдегері, әлем чемпионы Нұрбек Оралбай мен аса ауыр салмақтағы әлем чемпионы, үш дүркін Азия чемпионы Айбек Оралбай Есік қаласындағы Мәдениет үйінде орналасқан №123 сайлау учаскесінде дауыс берді.

Олармен бірге бокстан Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген жаттықтырушысы, Нұрбек пен Айбек Оралбайдың жеке бапкері Асқар Еркебаев та сайлау учаскесіне барып, өз азаматтық таңдауын жасады.

Оқу-жаттығу жиынының тығыз кестесіне қарамастан, елордалық спортшылар мен олардың бапкері ел өміріндегі маңызды қоғамдық-саяси шараға қатысып, азаматтық ұстанымдарын білдірді.
Нұрбек Оралбай дауыс берген сәтінен фотосуретті өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында жариялап, «Бүгін Құрылтай сайлауында өз дауысымды бердім» деп жазды.

Халықаралық додаларда ел намысын абыроймен қорғап жүрген спортшылар үшін ел болашағына қатысты маңызды сәттерде азаматтық белсенділік таныту да үлкен жауапкершілік. Оқу-жаттығу жиынында жүргеніне қарамастан, елордалық боксшылар дауыс беруге қатысып, өз таңдауларын жасады.
Еске сала кетейік, Астанада жарты ғасырдан астам уақыт бұрын отасқан отбасы сайлауда дауыс берді.