Бүгін министрлер Құрылтай сайлауында дауыс берді

Бүгін, 11:02
Жібек Наурыз Жібек Наурыз
Бүгін министрлер Құрылтай сайлауында дауыс берді
фото: Elordainfo.kz

Бүгін Қазақстан Республикасы Құрылтайы депутаттарының сайлауында ел министрлері дауыс беріп, өз таңдауларын жасады, деп хабарлайды Elordainfo.kz.

Құрылтай сайлауына қатысқан Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов бүгінгі тарихи сәттің маңызын атап өтті.

«Бүгінгі сайлау – Мемлекет басшысы бастамашылық еткен ауқымды саяси реформалардың нәтижесі саналатын тарихи сәт. Бір палаталы Құрылтайдың құрылуы – Әділетті Қазақстанды қалыптастыру, мемлекеттік билік институттарының тиімділігін арттыру және биыл қабылданған Қазақстан Республикасының Конституциясында бекітілген қағидаттарды іске асыру жолындағы маңызды қадам. Ешбір реформа азаматтардың тікелей қатысуынсыз жүзеге аспайды. Бүгін қазақстандықтар еліміздің алдағы жылдарға арналған даму бағытын айқындайды. Сондықтан бұл күні әр азаматтың дауысы маңызды. Барша отандасымды сайлау учаскесіне барып, өз таңдауын жасауға шақырамын», – деді су шаруашылығы ведомствосының басшысы.

Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова өзінің Конституциялық құқығын жүзеге асырып, өзіне бекітілген сайлау учаскесінде дауыс берді.

Министр Жаңа Конституция күшіне енгеннен кейінгі бұл сайлау саяси реформалардың жаңа кезеңінің маңызды бастауы болып табылатынын атап өтті.

Мемлекет басшысы атап өткендей, Құрылтай сындарлы көзқарастар мен мақсат-мүдделерді тоғыстыратын ортақ алаңға айналып, елімізді одан әрі жаңғырту үдерісіне жоғары қарқын беруі тиіс.

Өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаев та еліміздің жаңа бір палаталы заң шығарушы органы — Құрылтайдың алғашқы сайлауына қатысты. Ведомство басшысы Астана қаласындағы сайлау учаскелерінің бірінде өз дауысын берді.

Сыртқы істер министрі Ермек Көшербаев Құрылтай депутаттарын сайлауында өз таңдауын жасады. Сыртқы саяси ведомствоның басшысы №514 сайлау учаскесінде дауыс берді.

Премьер-министрдің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева сайлау учаскесіне келіп, Құрылтай депутаттарын сайлауда өз таңдауын жасады.

Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов та Құрылтай депутаттарын сайлауына қатысты. Ведомство басшысы азаматтардың еліміздің жаңа өкiлдi органын қалыптастыруға қатысуының маңыздылығын атап өтті.

«Бүгін Қазақстанның саяси дамуындағы маңызды кезең. Сайлауға қатысу - азаматтық жауапкершіліктің көрінісі әрі әр азаматтың ел болашағына өз үлесін қосу мүмкіндігі», – деді Ербол Мырзабосынов.

Министрліктің мәліметінше, дауыс беруге сондай-ақ министрлік қызметкерлері, еліміздің түкпір-түкпіріндегі спорт және туризм саласының өкілдері қатысуда. Шетелде жүрген қазақстандық спортшылар, жаттықтырушылар және саланың басқа да өкілдері Қазақстанның дипломатиялық өкілдіктері жанынан ашылған сайлау учаскелерінде өздерінің сайлау құқығын жүзеге асыруда.

Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек Құрылтай сайлауында өз таңдауын жасай отырып, мемлекеттің болашағы үлкен шешімдер ғана емес, әр азаматтың жеке таңдауынан да қалыптасатынын айтты.

«Биылғы сайлаудың мәні ерекше. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев соңғы жылдары еліміздің саяси жүйесін кезең-кезеңімен жаңғыртуға бағытталған ауқымды реформаларды жүзеге асырды. Президент ұсынған өзгерістердің түпкі мәні - мемлекеттік институттарды күшейту, қоғамның шешім қабылдау үдерісіне қатысу мүмкіндігін кеңейту және биліктің халық алдындағы жауапкершілігін арттыру. Осы тұрғыдан алғанда, бүгінгі Құрылтай сайлауы – сол үлкен саяси жаңғырудың заңды жалғасы.

Парламенттің Құрылтай болып өзгеруі тек атауындағы «косметикатық өзгеріс» емес. Оның алдында жаңа саяси мәдениетті қалыптастыру міндеті тұр деп ойлаймын. Бұл жерде қоғамдағы түрлі пікірлер мен көзқарастар тоғысып, еліміздің ұзақмерзімді дамуына қатысты маңызды шешімдер қабылдануы тиіс», - деді ол.

Қорғаныс министрі авиация генерал-лейтенанты Дәурен Қосанов Астанадағы өз сайлау учаскесінде алғашқылардың бірі болып дауыс берді.

Авиация генерал-лейтенанты Дәурен Қосанов әскери қызметшілер мен олардың отбасы мүшелері елдің толыққанды азаматтары екенін және әрқайсысы мемлекеттің болашағын айқындауға өз үлесін қоса алатынын атап өтті.

Ведомство мәліметінше, дауыс беруге шамамен 130 мың әскери қызметші мен олардың отбасы мүшелері қатысуда. Әскери бөлімдер мен мекемелер аумағында 25 жабық сайлау учаскесі ұйымдастырылған.

Әскери бөлімдерде дауыс беруді ұйымдастыру әскери қызметшілерге белгіленген тәртіп пен заң талаптарын сақтай отырып, сайлауға қатысуға мүмкіндік береді.

Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова Қазақстанның жаңа бір палаталы Парламенті - Құрылтай депутаттарын сайлауда дауыс берді.

Ал ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров жұмыс сапарымен барған өңірде сайлауға қатысты. 
 

«Құрылтайға алғашқы сайлау – еліміз үшін маңызды оқиға. Мемлекет басшысы атап өткендей, Құрылтай елді одан әрі жаңғырту үдерісіне жоғары қарқын беруге тиіс. Сондықтан әр азамат өз таңдауының маңызын және Қазақстанның болашағы үшін жеке жауапкершілігін сезінуі маңызды.
Мен үшін бүгінгі күні еліміздің азық-түлік қауіпсіздігінің негізін қамтамасыз етіп отырған аграршылардың жанында болуымның мәні ерекше», – деді Айдарбек Сапаров.

Министрдің айтуынша, Құрылтай ашық әрі сындарлы пікір алмасудың тиімді алаңына айналуы керек. Онда ортақ мақсат – ұлттық мүддеге және Қазақстан халқының әл-ауқатына қызмет ету жолында түрлі пікірлер мен ұстанымдар тоғысуға тиіс.

Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев Астана қаласындағы №162 сайлау учаскесінде дауыс берді.

«Ел болашағы үшін бүгін маңызды күн. Мен тұрақты болашақ үшін дауыс бердім. Қазақстандықтарды бүгінгі тарихи күнде белсенді болуға шақырамын»,- деді Арман Шаққалиев.

Көлік министрі Нұрлан Сауранбаев Құрылтай сайлауында дауыс берді. Министрлік басшылығы бір палаталы Құрылтайдың алғашқы сайлауы еліміздің қоғамдық өміріндегі маңызды күн екенін атап өтті. 

Қаржы министрі Мәди Такиев сайлау учаскесіне жақында 18 жасқа толған ұлы Асылжанмен бірге келді.
Мәди Төкешұлы азаматтық ұстаным мен ел болашағына деген жауапкершіліктің бала кезден, ең алдымен, отбасындағы жеке үлгі арқылы қалыптасатынын атап өтті

«Әр азамат ел өміріне белсенді араласып, өз таңдауын саналы түрде жасап, мемлекеттің дамуына үлес қосуы маңызды», – деп деді министр.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Аскарбек Ертаев таңертең №117 жалпы білім беретін мектеп ғимаратында орналасқан сайлау учаскесіне келіп, дауыс беруге қатысты.

«Бүгін - еліміз үшін тарихи күн. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев атап өткендей, жаңа бір палаталы Құрылтайға өтетін алғашқы сайлау барлық азаматтардың игілігіне бағытталған жаңа реформалардың бастау нүктесі болып, Қазақстанның қазіргі тарихында жаңа кезеңнің негізін қалайды. Бұл - еліміздің одан әрі даму бағытын айқындайтын маңызды кезең. Бүгін әрбір азамат өзінің азаматтық ұстанымын білдіріп, Қазақстанның болашағына өз үлесін қоса алады. Осы маңызды оқиғаға қатысуды азаматтық парызым деп санаймын», - деді Аскарбек Ертаев.

Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев та сайлауда өз таңдауын жасады.

Төтенше жағдайлар министрі генерал-лейтенант Шыңғыс Әрінов та сайлауда дауыс беруге қатысты.

Ведомство мәліметінше, дауыс беру күні бүкіл ел бойынша Төтенше жағдайлар министрлігінің қызметкерлері республикалық референдумға қатысуда.