Елордада дауыс беруге келген азаматтар бауырсақтан дәм татты
Астананың «Алматы» ауданындағы №9 сайлау учаскесінде Құрылтай депутаттарының сайлауына келген азаматтарға бауырсақ таратылды, деп хабарлайды Elordainfo.kz тілшісі.
Ұлттық тағам сайлау учаскесіне келген тұрғындарға ұсынылып, қала тұрғындары дауыс бергеннен кейін бауырсақтан дәм татты.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, бұл бастаманың мақсаты – сайлау күніне орай қазақтың ұлттық дәстүрін дәріптеп, тұрғындарға көңіл-күй сыйлау.

«Қала тұрғындарына бауырсақ ұсыну арқылы ұлттық дәстүрімізді насихаттауды мақсат еттік. Сонымен қатар дауыс беруге келген тұрғындарға көтеріңкі көңіл-күй сыйлап, қонақжайлық дәстүрімізді көрсетуге мән бердік», – деді №9 сайлау учаскесінің комиссия төрағасы Айгүл Құсайынова.
Учаскеде дауыс беру белгіленген тәртіппен жалғасып жатыр. Сайлаушылар жеке басын куәландыратын құжаты арқылы тіркеліп, бюллетень алып, өз таңдауын жасауда.
Айта кетейік, Құрылтай депутаттарының сайлауы ел бойынша бүгін сағат 07:00-ден 20:00-ге дейін өтеді.
Бұған дейін елімізде 2,2 млн қазақстандық Құрылтай депутаттарының сайлауында дауыс бергенін жаздық.