Қазақстандықтар көлігіне «сәнді» нөмір алуға қанша ақша жұмсайды
Қазір Қазақстанда бір отбасында бірнеше көліктің болуы қалыпты жағдайға айналды. Темір тұлпардың маркасына ғана емес, оның мемлекеттік нөміріне де мән беретіндер көп. Елімізде осыдан 10 жыл бұрын VIP-нөмірлерді сату тәжірибесі енгізіліп, одан түскен қаржы қазынаға түсіп келеді. Автокөлік иелерінің мұндай нөмірлерге деген сұранысын анықтау үшін Elordainfo.kz тілшісі Ішкі істер министрлігіне сауал жолдап, жоғары сұраныстағы нөмірлер туралы егжей-тегжейлі мәлімет алды.
Елімізде автокөліктің VIP нөмірлеріне сұраныс жылдан жылға артып келеді. Былтыр 33 мыңнан астам қазақстандық көлігіне «тартымды» нөмір таққан. Оның ішінде 5 мыңнан астам елордалық жоғарғы сұраныстағы нөмірлік белгілерге тапсырыс берген.
«Жоғарғы сұраныстағы нөмірлік белгілер алуға жыл өткен сайын сұраныс артып келеді. Жыл басынан бері 25 мыңнан астам жоғарғы сұраныстағы нөмірлік белгілер сатылды. Оның ішінде Астана қаласының Мамандырылған халыққа қызмет көрсету орталықтарында 1 мың жоғарғы сұраныстағы нөмірлік белгілер сатылды. Бұл қызметті бұрын тек мамандандырылған ХҚКО-лар ғана көрсететін болса, 2023 жылдың маусым айынан бастап eGov порталында және eGov мобильді қосымшасында тапсырыс беруге болады»,- деп жазылған министрліктің редакция тілшісіне берген жауабында.
Қазақстандықтардың VIP нөмірге қатысты пікірі екіге бөлінген. Кейбірі көлікке «әдемі» нөмірді тағуды жөн көрсе, басқалары мұндай нөмір сатып алуды жай ғана еліктеушілік деп санайды.
Мәселен темір тұлпарына «тартымды» нөмір таққан елорда тұрғыны Темірхан Исатайдың сөзінше, мұндай нөмірлі көліктер алыстан-ақ көз тартады.
«Кез келген жүргізуші көлігіне «әдемі» нөмір таққанды ұнатады деп ойлаймын. Өзім VIP нөмірді алыстан әдемі көрінеді деген оймен сатып алдым. Осындай нөмірге тапсырыс бергенде туған жылы немесе аты-жөнінің алғашқы әріптеріне келістіріп алып жатады. Мен де сол қағиданы ұстанып, өзіме байланысты әріптермен «әдемі» нөмір алдым»,- дейді қала тұрғыны.
Ал 30 жылдан астам уақыт көлік тізгіндеп жүрген Ерлан Қайыров бұл үрдісті құптамайды.
«Осы уақытқа дейін бірнеше көлік ауыстырдым, бірақ VIP нөмірге қызығушылық болмапты. Сондықтан болар мұндай нөмірлерге қаншама ақша жұмсайтын адамдардың әрекетін «понт» деп айтар едім. Біздің халық әрқашан дараланып, ерекшеленіп тұрғанды жақсы көреді ғой. Қалтаң көтерсе «әдемі» нөмірлер алуға болады, бірақ сонда да қымбат нөмір алу дарақылық деп ойлаймын»,- дейді тәжірибелі жүргізуші.
Ресми деректерге сүйенсек, биыл автокөліктердің қарапайым мемлекеттік нөмірі 10 337 теңге тұрады. Нақтылап айтсақ, енді көлігіңізге 010, 020, 030, 040, 050, 060, 070, 077, 080, 090, 707 секілді цифрлық белгідегі нөмірлерді тағу үшін 114 АЕК немесе 420 888 мың теңге төлеуге тура келеді. Дәл осы нөмірлердің бірыңғай әріптермен көрінетін түрін ұнатсаңыз, оны 57 АЕК, яғни 210 444 теңге төлеп ала аласыз. Ал, жекелеген 100, 111, 200, 222, 300, 333, 400, 444, 500, 555, 600, 666, 700, 800, 888, 900, 999 нөмірлерінің бағасы 137 АЕК немесе 505 804 мың теңге тұрады. Бұл нөмірлердің бірыңғай әріптермен берілетін бағасы 716 248 мың теңгеге, яғни 194 АЕК бағаланады. Сондай-ақ, 001, 002, 003, 004, 005, 006, 007, 008, 009, 777 нөмірлерін алғысы келген қазақстандықтарға қалтасынан 841 776 теңге шығаруға тура келеді. Осындай ең тартымды нөмірлерді бірыңғай әріптермен алсаңыз, онда қосымша 210 444 теңге төлеуіңіз керек. Демек, сіз темір тұлпарыңызға ең көріктісін 285 АЕК-ке, яғни 1 052 220 теңгеге сатып аласыз.
Еліміз бойынша ерекше сандар мен әріптердің тізбегін Астана, Алматы, Шымкент қалаларының тұрғындары жиі тапсырыс береді. Ал СҚО, Абай және Ақмола облыстарында мұндай нөмірге сұраныс керісінше төмен.