Мемлекеттік рәміздер патриоттық бағытта қолданылса, онда ешқандай шектеу жоқ – маман


Мемлекеттік рәміздеріміз – ұлттық болмысымыз бен тәуелсіздігімізді шартарапқа паш ететін белгі. Сондықтан да ел егемендігінің нышандарын өз дәрежесінде насихаттау, құрметтеу маңызды. Көк Туымызды, еңселі Елтаңбамыз бен әуезді Әнұранымызды қаншалықты қорлаудан сақтап, қорғап жүрміз? Elordainfo.kz тілшісі 4 маусым – Мемлекеттік рәміздер күніне орай ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі Архив, құжаттама және кітап ісі комитеті «Геральдикалық зерттеулер орталығы» мекемесінің геральдикалық зерттеулер бөлімі басшысы Асылжан Бижановпен әңгіме өрбіткен болатын.
Оның айтуынша, орталықтың бірінші міндеті – мемлекеттік рәміздерді насихаттау. Бір қарағанда, ел нышандарын насихаттаудың аса керегі жоқтай көрінгенмен, бұл - ұдайы насихаттауды қажет ететін бағыт. Жаңа технологиялар пайда болып, әлеуметтік желілер көбейген сайын аталған жұмыс та үдей түсуі тиіс. Өйткені ақпараттық қоғамда мемлекеттік рәміздер туралы ақпар да жеткілікті болғаны жөн.
«Тағы бір міндетіміздің бірі - ведомстволық және өзге де наградаларды сараптау. Мәселен, министрліктер жаңадан ведостволық награда ұсынады, сол кезде оның қаншалықты қажеттілігін бағамдаймыз. Оның формасына, құрамындағы элементтеріне мән береміз, басқа наградаларды қайталамай ма немесе ішінде ұлттық не діни белгілер бар ма – осының барлығына сараптама жасалады. Сосын орталық тарапынан, оның жанындағы кеңес тарапынан шешім беріледі», - деді Асылжан Бижанов.
Дегенмен орталықтың тікелей міндетіне мемлекеттік рәміздерді тексеріп, айыппұл салу кірмейді. Мекеменің бөлім басшысының айтуынша, орталық өкілдері жергілікті ішкі істер органдарымен ғана мониторингтерге шығады, ал басқа уақытта заң бұзушылықтарды байқаған кезде әуелі ескерту жасап, орындалмай жатқан кезде ғана құзырлы орындарға хабарлайды. Ал мемлекеттік рәміздерді оңды-солды қолдануға жол берілмейді.
«Қазақстан Республикасы Үкіметінің N873 қаулысы бойынша айтар болсақ, негізінен, мемлекеттік рәміздер мемлекеттік мекемелерде орналастырылуы керек. Оның сыртында ҚР Мемлекеттік Туы және ҚР Мемлекеттік Елтаңбасы болуы керек. Ел нышандары қараңғы кезде жарықтандырылуы міндетті. Мекемелердің ішінде мемлекеттік рәміздерге арналған арнайы бұрыш немесе стенд болуы тиіс. Әрі олар бір деңгейде, бірінші Ту, екінші, Елтаңба, үшінші Гимн орналастырылуы қажет. Одан бөлек, мемлекеттік болсын, жеке болсын, білім беретін мекмелердің барлығы осы талаптарды ұстануы керек», - деді ол.
Маманның айтуынша, 2020 жылдың желтоқсан айынан бастап шыққан бұйрыққа орай жеке тұлғалар көк байрағымызды отансүйгіштік рухын көрсету бағытында пайдалану мүмкіндігіне ие болған. ҚР Мемлекеттік Туын жеке және заңды тұлғалар ғимараттарда, оның ішінде балкондарда және салтанатты іс-шаралар өткізілетін орындарда патриоттық сезімдерін, қазақстандық бірегейлігін білдіру, елдің, оның азаматтарының жетістіктерін қолдау мақсатында орната алады.
«Егер мемлекеттік рәміздерге құрметпен қарау сақталып тұрса, патриоттық бағытта қолданылған болса, онда ешқандай шектеу жоқ. Ең басты ескеретіні, пропорциялардың сақталуы, ұлттық стандартқа сәйкес келуі тиіс», - дейді ол.
Әлбетте, мемлекеттік рәміздерге қатысты жауапкершіліктің түр-түрі бар. Ол жеке тұлғаларға, мемлекеттік тұлғаларға, мемлекеттік рәміздерді өндірушілерге қатысты болуы мүмкін. Олардың әрқайсысы Сауда және интеграция министрлігіне қарасты арнайы комитеттің қойған талаптарынан шығуы керек.
«Ең бастысы, мемлекеттік нышандарды қорлауға жол берілмеуі керек. Бұған жол берілген жағдайда Қылмыстық кодекс бойынша 3 мың АЕК-ке дейін, Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексі бойынша 50 АЕК-ке дейін айыппұл салынады», - деді маман.
Қош, мемлекеттік рәміздерімізді көргенде рухымыз асқақтайтыны аян. Кез келген спорт жарысы болсын, өнер сайысы болсын, ол дода қай елде болмасын, көк, сары түстегі жейде киген қатысушыларды көрсек, бірден «қазақстандық шығар» деген ой келетіні анық. Сондай-ақ мемлекеттік рәміздердің бейнесін сауда брендтерінде де пайдаланатынын көріп жүрміз. Мәселен, «Қазақстан» шоколады шет елдерде де танымал бола бастағаны көңілге қуаныш ұялатады. Ал осы рәміздерді коммерциялық тұрғыда пайдалануда қандай талаптарды назарда ұстау керек? Орталық өкілінің айтуынша, бұл жерде де ескеретін ньюанстар бар.
«Жалпы, мемлекеттік награда болсын, эмблема болсын, сауда брендтері болсын, толығымен мемлекеттік рәміздерді көшіріп салып қоюға болмайды. Кейбір элементтерін пайдалануға болады. «Қазақстан» шоколады ұлттық брендке айналған, оған, әлбетте, басқаша көзқарас бар. Бұл жерде ескеретін негізгі талаптар мынау: рәміздерді бір реттік өнімдерге пайдалануға болмайды. Өйткені олар тез жыртылып, қоқысқа тасталуы мүмкін. Ал бұған рұқсат етілмейді. Сондай-ақ автокөліктерде кішкене жалаушаны салонның ішіне ғана қоюға болады. Себебі сыртта болса, күннің көзі түседі, жел бар, су бар. Соның салдарынан кірлеп, тозады. Ту мен Елтаңбаны кірлету, жерге тастау, жырту, қоқысқа тастау, бұл – тура мағынасындағы қорлауға жатады. Азаматтардың ескеруі тиіс маңызды міндеті мынау: ел нышандарын қорлауға жол бермеу, керісінше қастерлеу, құрметтеу», - деді Асылжан Бижанов.