2024 жылдың желтоқсан айында ғана Қазақстан ауыр атлетика федерациясының тізгінін ұстаған Гаджи Гаджиев осы аралықта қандай нәтиже шығарды? Осы орайда Elordainfo.kz тілшісі Астана қаласында өтіп жатқан ауыр атлетикадан Қазақстан чемпионаты барысында федерация президентінің пікірін білді.
- Ауыр атлетикадан 2025 жыл Қазақстан чемпионатымен аяқталғалы жатыр. Жалпы биылғы жылға көңіліңіз тола ма? Ауыз толтырып айтатындай жетістіктер болды ма?
- 2025 жылы ауыр атлетикада көптеген жұмыс атқарылды. Біріншіден, бапкерлік штаб пен спортшылар құрамы жаңарып, көптеген жас атлеттерге мүмкіндік берілді. Олар сенімді ақтап, Қазақстан ауыр атлетикасының әлемдік деңгейде әлі де мықты екенін көрсетті. Екіншіден, аталған спорт түрінде жанкүйерлер көңілін түсірген сәттер аз болмады. Осы орайда 2025 жылы допинг мәселесімен жүйелі күрес жүргізіліп, бірқатар спортшыларымызды қатарға қайта қостық. Елімізге Халықаралық ауыр атлетика федерациясының (IWF) президенті Мұхаммед Джалуд әл-Шаммари және Азия ауыр атлетика федерациясының президенті Мохаммед Юсеф әл-Мана арнайы келіп, саладағы оң өзгерістерге баға берді. Антидопинг бағытында ауқымды іс атқарылды. Негізі, алдағы 3-4 жылда біз жарыстарға көп қатыспай, көлеңкеде жүруіміз керек еді. Бірақ осы жауапты кезеңде өзімізді дәлелдеп, қиындықты еңсердік. Көптеген семинарлар өткізіліп, білім мен тәжірибе алмасу күшейді. Үшіншіден, ұзақ үзілістен кейін жастар және жасөспірімдер арасындағы Азия чемпионатын өткізуге рұқсат берілді. Қазақстан құрамасы жалпы есепте бірінші орынды иеленді. Сонымен қатар 2028 жылғы Лос-Анджелес Олимпиадасының алдындағы соңғы лицензиялық әлем чемпионатын да елімізде өткізу құқығына ие болдық.

- Ауыр атлеттеріміздің көп жарысқа қатыспауының себебі неде? Мысалы, 2024 жылғы әлем чемпионы Нұрғиса Әділетұлы бір жыл өткен соң ғана Ислам ойындарында бой көрсетті.
- Спортшыларымыз барғанда көбіне жүлдегер атанады. Бірақ адам ағзасының мүмкіндігі шектеулі. Әр жарыстан кейін толық қалыпқа келу үшін уақыт керек. Біз олардың денсаулығын қатерге тіккіміз келмейді. Ең маңыздысы, әлемдік деңгейде мықты екенімізді дәлелдедік. Бірнеше әлемдік және құрлықтық рекордтарды жаңарттық. 2025 жылға алдын ала нақты жоспар құрылды: Азия чемпионаты, жасөспірімдердің Азия ойындары, әлем чемпионаты және Ислам ынтымақтастығы ойындары. Мәселен, Бахрейндегі жасөспірімдердің жазғы Азия ойындарында алғаш рет екі атлетіміз (Әлихан Әскербай мен Нұржан Жұмабай) чемпион атанды. Сондай-ақ осы жылдың басты жаңалығы - Лос-Анджелес Олимпиадасына қатысты жаңа салмақ санаттары бекітіліп, осы өзгерістер жас спортшыларға халықаралық деңгейде тәжірибе жинауға мүмкіндік берді. Енді 2026 жылғы басты мақсатымыз - Жапонияда өтетін жазғы Азия ойындары. Ол Олимпиададан кейінгі ең ірі жарыс саналады.
- Бұрын Қазақстан чемпионатында ұлттық құраманың үздіктерін сирек көретін едік. Ал Астанада әлем чемпиондары Нұрғиса Әділетұлы мен Артём Антропов жүлдеге таласады. Олар жуырда ғана Ислам ойындарында өнер көрсеткенін ескерсек, денсаулықтарына кері әсер етпей ме?
- Команда толықтай кәсіби спортшылардан құралған. Олардың тәжірибесі мол, өз мүмкіндігін жақсы біледі. Біз де, бапкерлер құрамындағы мамандар да кезінде спортпен айналысқандықтан, әр спортшының жағдайын үнемі бақылауда ұстаймыз.
Биыл оқу-жаттығу процесі де, медициналық бақылау да жүйелі түрде жолға қойылды. Әр жарыстың күнтізбесі спортшылардың денсаулығына қарай алдын ала жоспарланды. Жүлде алмаса да, әр жарыс үлкен тәжірибе. Ең бастысы, спортшы үнемі психологиялық және моральдық тұрғыдан дайын болуы тиіс.
Бұған дейін қазақстандық спортшылар үстел теннисінен Италиядағы турнирде қола медальға ие болғанын хабарладық.