Халықаралық жарыста жүлделі орын алған әскери қызметшілер елге оралды

Халықаралық жарыста жүлделі орын алған әскери қызметшілер елге оралды
Фото: ІІМ Ұлттық ұланы «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығының баспасөз қызметі

30 сәуірде қоян-қолтық ұрыс бойынша Азия чемпионаты және әлем біріншілігінде 2-орынды иеленген Ұлттық ұланның құрама командасын «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығының әскери қызметшілері салтанатты түрде қарсы алды, деп хабарлады Elordainfo.kz.

Жеңімпаздарды 5571 әскери бөлімінің аумағында қабылдаған Ұлттық ұланның «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығының қолбасшысы генерал-майор Талапкер Амриев жылы лебізін білдірді.

«Сіздер халықаралық сайыста еліміздің абыройын көтеріп, әскеріміздің әлеуетін көрсетіп келдіңіздер. Бұл жетістік Ұлттық ұланның ғана емес, республика деңгейінде аталатын нәтиже. Сіздерге қандай құрмет көрсетілсе де, лайықсыздар. Алдағы уақытта да күш-жігерлеріңізді шыңдап, үлкен жетістіктерге қол жеткізе беріңіздер», - деді ол.

Салтанатты іс-шараның соңында жеңімпаздардың құрметіне шағын концерттік бағдарлама ұйымдастырылды.

Естеріңізге сала кетейік, 2025 жылғы 27–30 сәуір аралығында Қырғызстан Республикасының Ош қаласында қоян-қолтық ұрыс бойынша Азия чемпионаты және әлем біріншілігі өтті. Бұл турнир 16 елден келген 430 спортшыны жинап, жекпе-жек өнері саласындағы елеулі оқиғаға айналды.

Жарысқа Қазақстан, Ресей, Қырғызстан, Тәжікстан, Өзбекстан, Грузия, Бангладеш, Сирия, Тунис, Беларусь, Әзербайжан және Италия командалары қатысты.

Тартысты жекпе-жектердің нәтижесі бойынша командалық есепте жүлделі орындар мынадай тәртіппен бөлінді: 1-орын — Ресей Федерациясының құрама командасы; 2-орын — ІІМ Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланының құрама командасы; 3-орын — Қырғызстан Республикасының құрама командасы.

Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланының әскери қызметшілері жоғары деңгейдегі дайындық пен жеңіске деген жігер көрсетіп, жекелей сында тамаша нәтижелерге қол жеткізді:

Алтын медаль (1-орын): лейтенант Жақсылық Шаймердан — 57 кг дейінгі салмақ дәрежесінде; майор Батырхан Әшірбеков — 80 кг дейін; капитан Мәдет Сәметаев — 97 кг дейін.

Күміс медаль (2-орын): капитан Жандос Әлжанов — 54 кг дейін; капитан Дархан Дәулет — 80 кг дейін; капитан Бақытжан Ахмадов — 88 кг дейін.

Қола медаль (3-орын): аға лейтенант Алишер Авдонин — 54 кг дейін;

майор Әлкен Төлегенов — 62 кг дейін; аға лейтенант Әзімжон Құрбанбоев — 73 кг дейін; аға лейтенант Сапархан Жолшыбек — 97 кг-нан жоғары.

Ұландықтар Азиядағы және әлемдегі мықты спортшылармен тең дәрежеде иық тіресе алатындарын дәлелдеді. Әр жүлденің артында – табанды еңбек, мықты мінез және шынайы командалық қолдау жатыр.