Астаналық режиссер Аустриядағы фестивальге шақырту алды

25 маусым, 2025
Ернұр Қайнар Ернұр Қайнар
Астаналық режиссер Аустриядағы фестивальге шақырту алды
Фото: Мәдениет және ақпарат министрлігінен

«Астана Опера» режиссері Еренбақ Тойкенов 2 шілдеден 31 тамызға дейін опера өнері әлеміндегі жетекші халықаралық жобалардың бірі – Аустриядағы Вена опералық фестиваліне шақырту алды, деп хабарлады Elordainfo.kz.

Ол Вольфганг Амадей Моцарттың «Барлық әйелдер осылай жасайды немесе Ғашықтар мектебі» және Джузеппе Вердидің «Травиата» қойылымдарын сахналауға қатысады.

Вена опера академиясының директоры Хесус Леонның айтуынша, академия дүниежүзінен небәрі төрт режиссерді таңдап алған. Олардың қатарында Еренбақ Тойкенов те бар. Ол әлемдік біртуар опера режиссері Тим Клейдонның ассистенті ретінде шақырылды.

Айта кетейік, Еренбақ Тойкенов ұлттық, сондай-ақ әлемдік репертуардағы спектакльдерді қойып келеді. Бұл шақыру оның 2022 жылы Мәскеуде өткен Nano-Opera халықаралық опера режиссерлері байқауындағы жеңісінің жалғасы. Ол кезде жерлесіміз әлемнің түкпір-түкпірінен қатысқан 200-ден астам опера режиссерінің арасынан алға суырылып шыққан еді. Nano-Opera байқауындағы жеңістің нәтижесінде Е.Тойкенов «Астана Опера» сахнасында Сыдық Мұхамеджановтың «Айсұлу» қазақ ұлттық операсын қою құқығына ие болды. Спектакль жоғары бағаланып, тәуелсіз сарапшылар қойылымды «Жыл операсы» атағына лайық деп таныды.