Астанада мұз астына құлап кеткен адамды құтқарған азамат марапатталды
Есіл өзенінде мұз астына түсіп кеткен ер адамды құтқарып, оның өмірін сақтап қалғаны үшін Айткен Азамат марапатталды, деп хабарлады Elordainfo.kz.
Оған Астана қаласы Төтенше жағдайлар департаменті бастығының Алғыс хаты тапсырылды.
Оқиға 10 желтоқсанда Марал көпірінің маңында болған. Серуендеп жүрген Азамат Омарұлы көмек сұраған дауысты естіп, суға батып бара жатқан адамға дереу көмекке ұмтылған. Оның жедел әрі батыл әрекеттерінің арқасында 1963 жылы туған ер адам аман қалды.
Астана қаласының ТЖД тұрғындар мен қонақтарды, сондай-ақ балықшыларды мұздағы қауіпсіздік қағидаларын қатаң сақтауға шақырады.
«Ата-аналарға ескерту: балаларды қатпаған мұз үстіне жібермеңіздер.
Сонымен қатар қатпаған мұзға шығу ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 412-бабы бойынша жауапкершілікке әкелетінін еске саламыз», - делінген хабарламада.
Бұған дейін астаналық құтқарушылар көпірден секірген қызды құтқарып қалған болатын.