Соғым FEST: Елордалықтар жәрмеңкеден жүз тоннадан астам соғым сатып алды

14 желтоқсан, 2024
Салтанат Мұратқызы Салтанат Мұратқызы
Соғым FEST: Елордалықтар жәрмеңкеден жүз тоннадан астам соғым сатып алды
Фото: Астана қаласының Инвестициялар және кәсіпкерлікті дамыту басқармасы

Астанада Ақмола, Абай және Павлодар облыстарының фермерлері қатысқан кезекті соғым FEST өтті, деп хабарлады Elordainfo.kz.

Соғым FEST Астана қаласының Инвестициялар және кәсіпкерлікті дамыту басқармасының ұйымдастыруымен Kоktal СОО тұрағында өтті.

Мұнда Ақмола, Павлодар, Абай және Шығыс Қазақстан облыстарының жергілікті фермерлері мен өндірушілерінің өнімдері ұсынылды.

«Koktal сауда орталығымен бірлесіп соғым FEST фестивалін ұйымдастырып отырмыз. Соғым FEST-тің  өтіп жатқанына екінші апта болды.  Ал ауыл шаруашылығы жәрмеңкесі алты аптадан бері ұйымдастырылып келеді. Бүгінгі күні жәрмеңкеге 30 фермер қатысып отыр. Жүз тоннадан астам соғым әкелінді. Ал ұсынылып отырған өнімдер базар бағасынан 15-20 пайызға арзан», - деді Астана қаласының Инвестициялар және кәсіпкерлікті дамыту басқармасы азық-түлік қауіпсіздігі бөлімінің бас маманы Нұрдәулет Қосман.


Ұйымдастырушылардың айтуынша, ауыл шаруашылығы жәрмеңкесі мен соғым FEST фестивалін өткізу – бұл жергілікті өндірушілер үшін тұтынушылармен тікелей байланыс орнатуға тамаша мүмкіндік. Мұндай іс-шаралар жергілікті кәсіпкерліктің дамуына және қазақ дәстүрлерін сақтауға ықпал етеді.