Қазақстан жастары Азия чемпионатында алты медаль жеңіп алды
Қытайдың Ордос қаласында өткен жеңіл атлетикадан жастар арасындағы Азия чемпионатында қазақстандық спортшылар 2 күміс және 4 қола медаль еншіледі, деп хабарлайды Elordainfo.kz Ұлттық олимпиадалық комитеттің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Сары құрлық біріншілігінде Анастасия Рыпакова ұзындыққа секіруден, ал Алина Чистякова жетісайыстан күміс жүлдеге қол жеткізді.
Қола медальдарды Максим Балабин (сырықпен секіру) мен Ясмина Тоқсанбаева (спорттық жүріс) жеңіп алды.
Сондай-ақ Анна Шумило, Екатерина Пузырева, Татьяна Но және Дарья Гридасовадан құралған әйелдер құрамасы 4×100 метрлік эстафетада үшінші орын иеленді.
Бұдан бөлек, Анна Шумило, Анастасия Цвиркунова, Екатерина Колода және Мария Шувалова өнер көрсеткен қазақстандық команда 4×400 метрлік эстафетада да қола жүлдеге ие болды.
Чемпионат қорытындысы бойынша Қазақстан құрамасы жалпыкомандалық есепте сегізінші орынға тұрақтады.
Ал медаль кестесінде Қытай құрамасы көш бастады – 23 алтын, 17 күміс, 12 қола. Екінші орынға Жапония (7 алтын, 8 күміс, 7 қола) жайғасса, үздік үштікті Өзбекстан құрамасы (5 алтын, 4 күміс, 1 қола) түйіндеді.
Бұдан бұрын қазақстандық жеңіл атлет Кристина Овчинникова Нидерландының Хенгело қаласында өткен халықаралық FBK Games турнирінде үздік үштікке еніп, қола медаль жеңіп алғанын жазған едік.