Елімізде сары май өндірісі шамамен 50% артты
2026 жылдың қаңтар–сәуір айларының қорытындысы бойынша Қазақстанда сары май мен күнбағыс майының өндірісі мен экспорты айтарлықтай артты. Өндіріс көлемінің ұлғаюы отандық қайта өңдеу өнеркәсібінің әлеуеті күшейіп келе жатқанын көрсетсе, негізгі экспорттық нарықтарда қазақстандық өнімге сұраныс жоғары деңгейде сақталып отыр, деп хабарлайды Elordainfo.kz Ұлттық статистика бюросына сілтеме жасап.
2026 жылдың алғашқы төрт айында елімізде майлылығы 85%-дан аспайтын 13,8 мың тонна сары май өндірілді. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 47,4%-ға көп.
Осы кезеңде сары май экспорты да айтарлықтай өсіп, 40,4%-ға артты. Қаңтар–сәуір аралығында шетелге 394,1 тонна өнім жөнелтілді. Былтырғы осы кезеңде бұл көрсеткіш 280,7 тоннаны құраған. Қазақстандық сары майдың негізгі экспорттық бағыттары – Ресей, Моңғолия, Қырғызстан және Беларусь.
Ал сары май импорты 2 242,2 тоннаны құрады. Ішкі нарықтағы импорттық өнімнің үлесі 13,9% деңгейінде қалыптасты. Негізгі жеткізушілер – Беларусь пен Иран. Есепті кезеңде ішкі нарықта 15,7 мың тонна сары май өткізілді.
Күнбағыс майы өндірісінде де тұрақты өсім байқалды. Төрт айдың қорытындысында қазақстандық кәсіпорындар 335,5 мың тонна тазартылған және тазартылмаған күнбағыс майын өндірді. Бұл 2025 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 13,2%-ға артық.
Экспорт көлемі де едәуір ұлғайып, 49,6%-ға өсті. Қазақстандық күнбағыс майын ең көп импорттаған елдердің қатарында Өзбекстан (153,2 мың тонна), Қытай (127,2 мың тонна), Ауғанстан (38,6 мың тонна), Тәжікстан (27 мың тонна) және Иран (4,9 мың тонна) бар.
Ал күнбағыс майының импорты 47,9 мың тоннаны құрады. Соған қарамастан, ішкі нарықтағы импорттық өнімнің үлесі 12,5% деңгейінде сақталды. Биылғы қаңтар–сәуір айларында Қазақстанның ішкі нарығында 29,7 мың тонна күнбағыс майы өткізілді.
Бұл көрсеткіштер отандық май өңдеу саласының өндірістік әлеуеті артып келе жатқанын және қазақстандық өнімнің сыртқы нарықтардағы бәсекеге қабілеттілігі күшейгенін аңғартады.