Референдум-2026

Қазақстан әйелдер боксының алғашқы жүлдегері Назгүл Боранбаева: Тарихи жүлденің мәнін кейін түсіндім

Қазақстан әйелдер боксының алғашқы жүлдегері Назгүл Боранбаева: Тарихи жүлденің мәнін кейін түсіндім
Фото: Қазақстан бокс федерациясы

2006 жылы Үндістанда өткен әйелдер арасындағы әлем чемпионатында Назгүл Боранбаева Қазақстан тарихындағы алғашқы әлемдік жүлдені жеңіп алған боксшы атанды. Әйелдер боксы елімізде енді ғана дамып келе жатқан тұста ол тарихи қола медальға қол жеткізді. Бүгінде бұл спортта Назым Қызайбай, Аида Әбікеева, Алуа Балқыбекова сынды чемпиондар өсіп шықты. Elordainfo.kz тілшісіне берген сұхбатында Назгүл Боранбаева боксты қалай таңдағанын, тарихи жүлдені қалай қабылдағанын, сол кезеңдегі қиындықтар мен қазіргі буынның артықшылықтары туралы айтты.

Назгүл Серікқызы, сіз 2006 жылы әйелдер арасындағы әлем чемпионатында Қазақстан тарихындағы алғашқы жүлдені жеңіп алдыңыз. Ол кезде әйелдер боксы елімізде енді ғана дамып келе жатқан еді. Осындай кезеңде неге дәл боксты таңдадыңыз?

– Боксқа дейін каратэ және кикбоксингпен айналыстым. Боксқа келуіме әкем Серік Боранбаев пен әпкем Әлия Боранбаева себеп болды. Олар 2002 жылы Түркияның Анталия қаласында өткен әйелдер арасындағы әлем чемпионатына қатысып, осы спорттың болашағы зор екенін көрген. Елге келген соң маған бокспен айналысуға кеңес берді. Ол кезде мен 18 жаста едім, кикбоксингтен халықаралық дәрежедегі спорт шебері болатынмын.

Боксқа қалай бейімделдіңіз? Алғаш қай жерде жаттықтыңыз?

– Боксқа ресми ауысқаннан кейін де әкемнің кикбоксинг залында жаттыға бердім. 2004 жылы Түркиядағы халықаралық турнирде жүлде алғаннан кейін осы спортқа біржола бет бұрдым. Сол кезде егізім Наргүл екеуміз Вьетнам құрамасының бапкері болған Вадим Присяжнюкпен таныстық.

2005 жылы Қазақстанда алғаш рет әйелдер арасындағы ел чемпионаты өтті. Жарысқа небәрі 20 спортшы қатысты. Мен 46 келі салмақта екі жекпе-жек өткізіп, чемпион атандым. Ол кездегі қатысушылардың басым бөлігі кикбоксингтен келген қыздар еді. Сонымен қатар ұлттық құрамадағы боксшылардың жалақы алып, қажетті құрал-жабдықпен қамтамасыз етілуі де бұл спортқа қызығушылығымды арттырды.

Кикбоксингтен боксқа бейімделіп кету қиынға соқпады ма?

– Кикбоксингте де қолмен жұмыс істейтінбіз. Ол жағынан қиынға түспеді. Бірақ арақашықтыққа бейімделуге біршама уақыт кетті.

2006 жылы әлем чемпионатында Қазақстан тарихындағы алғашқы жүлдені жеңіп алдыңыз. Сол сәтті қалай қабылдадыңыз?

– Шынымды айтсам, ол кезде бұл жетістіктің тарихи маңызын толық сезінген жоқпын. Мен үшін кезекті турнир секілді болды. Кейін уақыт өте келе ғана оның мәнін түсіндім. Есте қалған ең қызық сәт – Халықаралық бокс федерациясы қола медаль үшін 750 АҚШ доллары көлемінде сыйақы бергені.

Бокстан әйелдер бәсекесі Олимпиада бағдарламасына тек 2012 жылғы Лондон Олимпиадасында ғана енгізілді. Ал сіз ол кезде бокстың қазіргідей танымал спорт түріне айналатынын білдіңіз бе?

– Әкем мен әпкем 2002 жылы бокстан әлем чемпионатына қатысқанда осы спорттың танымалдылығы артатынын айтып, бокспен айналысуға үгіттеген еді. Бастапқы кезде ерлермен бірге жаттықтық. Егізім Наргүл Боранбаеваның салмағы менімен шамалас болғандықтан, бірге дайындалатын едік. Бірақ спарринг кезінде әйелдердің өте тапшы болғанын мойындаймын.

Сіз бокспен қай жылдары айналыстыңыз?

– 2004 жылдан 2010 жылға дейін өнер көрсеттім. Соңғы ірі жарысым Барбадоста өткен әлем чемпионаты болды. Сол жылы тұрмысқа шығып, спорттық мәнсабымды аяқтадым. Қазір төрт баланың анасымын.

Мәнсабымда әлем чемпионаттарының екі қола жүлдесін және Азия чемпионатының күміс медалін жеңіп алдым. Осы жетістіктерімді мақтан тұтамын.

Қазір әйелдер боксын қаншалықты қадағалап жүрсіз? Сіздің ойыңызша, 20 жыл бұрынғы бокс пен қазіргі бокстың қандай ерекшелігі бар?

– Уақыт өткен сайын елімізде әйелдер боксының танымалдылығы артып келеді. Кезінде тек ерлердің боксын ғана қарасақ, қазір жас буын Назым мен Алуаға қарап өсіп келеді. Менің ойымша, біздің кезде тамақтануға дұрыс мән берілмеді. Ет ауыр деп, оны аз жедік. Су да аз іштік. Дайындық кезінде қолымыз тырысып қалады деп, темірмен жаттықпайтын едік. Қолымыз нәзік, физикалық жағынан әлсіздеу болдық. Салмақты дұрыс қуа алмадық деуге болады. Қазіргідей интернет дәуірі болмады, көп дүниені білмедік. Ал бүгінгі аруларымыз физикалық және күш жағынан ешкімнен кем түспейді.

Бокс сіздің өміріңізге қалай әсер етті деп ойлайсыз?

– Бірінші кезекте мінезді қалыптастырды. Ешқандай қиындыққа мойынсұнбауды үйретті. Өзімнің балаларымды да спортқа беріп, толықтай қадағалап жүрмін.

Сізбен бірге болған боксшылардың барлығы мәнсаптарын аяқтап кетті ме?

– Менімен бірге ұлттық құрамада болған Айгерім Сәттібаева ұзақ жылдан кейін боксқа оралып, қайтадан жетістіктерге жетіп жүр. 2025 жылы Қазақстан чемпионатында топ жарса, биыл Моңғолияда өткен Азия чемпионатында қола жүлдеге ие болды. Бес баланың анасының бокста үлкен жетістіктерге жетуін зор табыс деп білемін. Ал мен тұрмысқа шыққаннан кейін бар уақытымды отбасыма арнадым. Дегенмен әйелдер боксының бүгінгі жетістіктерін көріп, әрдайым қуанып жүремін.

– Сұхбатыңызға рақмет!