Ұлттық ұландағы ерекше дауыс: Астанадағы жас сарбаз ерлер хорына шақырту алды
Астанада Ұлттық ұланның оқу пунктінде даярлықтан өтіп жатқан жас сарбаз Артём Шеремет өзінің сирек кездесетін қою бас дауысымен мамандардың назарын аударды. Оның ерекше тембрін жоғары бағалаған өнер иелері жас жауынгерге Ұлттық ұланның ерлер хорымен бірге өнер көрсетуге ұсыныс жасаған, деп хабарлайды Elordainfo.kz ҚР ІІМ Ұлттық ұланының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Әскерге дейін Артём шығармашылық ортада белсенді болған. Ол «RockNRust» рок-тобында ән айтып, экстремалды вокалдың күрделі түрі саналатын гроулинг техникасын меңгерген. Сонымен қатар аниме мен дорамаларды дыбыстаумен айналысып, дауыс мүмкіндігін түрлі бағытта шыңдаған.
Елордадағы бригаданың оқу пунктінде оның ерекше дауысы алғашқы күндерден-ақ көзге түсті. Мамандар жас сарбаздың табиғи тембрі мен дауыс диапазонын жоғары бағалап, оны Ұлттық ұланның ерлер хорына шақыру жөнінде ұсыныс білдірді.

Артём оқу пунктіндегі даярлығын аяқтағаннан кейін әскери қызметпен қатар шығармашылық қабілетін де дамытуды жоспарлап отыр. Вокал мамандарының айтуынша, кәсіби білім алып, жүйелі дайындықтан өткен жағдайда оның үлкен сахнада да өз орнын табуға әлеуеті жоғары.
Қазір жас жауынгер жауынгерлік қызметке алғаш рет кірісетін әскери қызметшілерге арналған дайындық курсынан өтіп жатыр. Ол қоғамдық тәртіпті күзету бөлімшелерінде қызмет атқаруға қажетті дағдыларды меңгеруде. Саптық, атыс және тактикалық дайындық сабақтарына белсенді қатысып, қызметтік-жауынгерлік міндеттерді орындауға жан-жақты әзірленіп жүр.

ҚР ІІМ Ұлттық ұланының баспасөз қызметінің мәліметінше, Артём Шереметтің өмір жолы құқықтық тәртіп әскерінде әскери істі де, өнерді де қатар алып жүретін жан-жақты әрі дарынды жастардың аз емес екенін көрсетеді. Бірі ел тыныштығын күзетсе, енді бірі өнер арқылы қоғамға рухани серпін береді. Ал Артём осы екі жолды ұштастырып, әскери қызметпен бірге шығармашылықтағы арманын да жүзеге асыруға қадам жасап келеді.
Айта кетейік, Ұлттық ұлан қатарында қызмет ететін жастардың арасында спорт, музыка, сурет және өзге де өнер түрлерімен айналысатын талантты азаматтар көп. Мұндай бастамалар әскери қызметшілердің рухани дамуына серпін беріп, олардың бойындағы қабілетін шыңдауға мүмкіндік береді.
Бұған дейін Астанада Ұлттық ұланның солисі Бауыржан Макаевтің шығармашылық кеші өткенін жаздық.