Референдум-2026

Қазақстандық оқушылар Гонконгтегі робототехника чемпионатында топ жарды

Қазақстандық оқушылар Гонконгтегі робототехника чемпионатында топ жарды
Фото: Оқу-ағарту министрлігі

Қазақстандық оқушылар FIRST LEGO League Hong Kong Championship 2026 халықаралық чемпионатында табысты өнер көрсетіп, бірнеше беделді марапатқа ие болды, деп хабарлайды Elordainfo.kz Оқу-ағарту министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Биылғы додаға әлемнің 30-дан астам елінен 120 үздік команда мен 900-ден астам оқушы қатысты. Халықаралық білім беру және робототехника саласындағы беделді алаңдардың біріне айналған чемпионатта Алматы қаласынан барған екі команда жүлделі орындарға ие болды.

PhysTech School Almaty мектебінің PEAK командасы жарыстың ең жоғары марапаттарының бірі – 1st Runner-Up атағын жеңіп алды. Сондай-ақ команда ең креативті әрі инновациялық көрме аймағы үшін берілетін Most Innovative Booth Award арнайы жүлдесімен марапатталды. Ал Robot Game санатында 6-орын иеленіп, әлемнің үздік командаларының қатарына енді.

Команда құрамында Ерасыл Бектемиров, Виктор Хегай, Ануар Орман, Ильсон Пак, Айкен Хайрулла және Тамина Стяжкина болды. Жаттықтырушысы – Мақсат Берікпол.

Ал Future Axions 218 командасы Invitational санатында 2nd Runner-Up нәтижесін көрсетіп, халықаралық командалар арасында үздіктер қатарынан көрінді.

Команда сапында №218 келешек мектебінің оқушылары Ринат Заманбек пен Іңкәр Қалиасқар, сондай-ақ №24 лицейдің оқушылары Медина Тұрсын мен Әдия Тұрсынбек өнер көрсетті. Команданың менторы – Бақкелді Қарағол.

Министрліктің мәліметінше, қазақстандық оқушылардың бұл жетістігі елімізде STEM-білім беру мен робототехника бағытын дамытуға бағытталған жүйелі жұмыстың нәтижесін көрсетеді. Бүгінде мектептерде робототехника кабинеттері ашылып, инженерлік және цифрлық дағдыларды дамытуға арналған білім беру бағдарламалары кеңінен енгізіліп жатыр.

Халықаралық жарыстардағы мұндай жеңістер оқушылардың жоғары дайындық деңгейін, шығармашылық және инженерлік ойлау қабілетін айқындап, қазақстандық білім беру жүйесінің әлеуетін әлемдік деңгейде танытуға мүмкіндік береді.

Бұған дейін қазақстандық оқушылардың Еуропаның физика олимпиадасында 4 медаль жеңіп алғанын жазған болатынбыз.