Елордада қатты қалдықтар полигонындағы өртті сөндіру жұмыстары әлі жүріп жатыр
Астананың «Байқоңыр» ауданындағы қатты тұрмыстық қалдықтар полигонынан шыққан өртті сөндіру жұмыстары тәулік бойы үздіксіз жүргізіліп жатыр, деп хабарлайды Elordainfo.kz Төтенше жағдайлар министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Өртті сөндірудің тиімділігін арттыру мақсатында негізгі күштер мен құралдар жұмылдырылған екі учаске құрылды.

Сонымен қатар өрт ошақтарын оқшаулау және жалынның одан әрі таралуына жол бермеу мақсатында полигон аумағын инертті материалмен жабу бойынша инженерлік жұмыстар жүргізіліп жатыр.
«Қазіргі уақытта полигонға 14,85 мың тоннаға жуық инертті материал жеткізілді.
Жұмыстардың жүргізілуі қатты түтінге, жиналған қалдықтардың тұрақсыз болуына байланысты қиындап кетті. Бұл арнайы техниканың қозғалысын шектеп, маневр жасауына кедергі келтіріп отыр», - делінген хабарламада.
Сумен үздіксіз қамтамасыз ету өрт гидрантынан су тасымалдайтын өрт сөндіру автоцистерналары мен су таситын арнайы көліктер арқылы жүзеге асырылу үстінде.

Өртті сөндіруге ТЖД мен ЖАО 120-ға жуық жеке құрамы және 150 техникасы жұмылдырылған.
Жағдай ТЖМ-нің тұрақты бақылауында.
Бұған дейін Астанада қоқыс полигонында өрт шыққанын жазған болатынбыз.