Референдум-2026

Астанада қоқыс полигонындағы өртті сөндіруге 40-тан астам техника жұмылдырылды

Бүгін, 12:38
Думан Аманжол Думан Аманжол
Астанада қоқыс полигонындағы өртті сөндіруге 40-тан астам техника жұмылдырылды
видеодан скрин

Елорданың Байқоңыр ауданында қатты тұрмыстық қалдықтар полигоны аумағындағы өртті сөндіру жұмыстары жалғасуда, деп хабарлайды Elordainfo.kz Төтенше жағдайлар министрлігіне сілтеме жасап.

Оқиға орнында ТЖМ, жергілікті атқарушы органдар және кәсіпорынның күштері мен құралдары тәулік бойы жұмыс істеуде. Жедел штаб құрылды. ТЖМ басшылығы оқиға орнында болып, өртті сөндіру жұмыстарын үйлестіруде.

«Өртті сөндіруге барлығы 90-ға жуық адам мен 40-тан астам техника жұмылдырылды. Өртті сөндіру төрт учаскеде жүргізілуде. Өрт сөндіру бөлімшелері 5 қол оқпаны мен 1 лафеттік оқпанды қолдануда. Инженерлік техниканың көмегімен өрттің одан әрі таралуына жол бермеу үшін жану шекарасы бойына инертті материал төгілуде», делінген хабарламада.

Өртті сөндіру жұмыстары қою түтін мен үйілген қоқыстың тұрақсыз әрі борпылдақ болуына байланысты күрделенуде. Жану ошақтарына инертті материалды жеткізу үшін шамамен 200 метр болатын уақытша үйінді жол салынды. Онымен шамамен 150 рейс орындалды.

«Жағдай ТЖМ бақылауында. Құтқарушылар өртті толық сөндіру жұмыстарын жалғастыруда», деп хабарлады ТЖМ.