Есіл жағалауында өткен «Ашық микрофон»: Астанада есірткіге қарсы акция ұйымдастырылды
Астанада Есіл өзенінің жағалауында «Заң мен тәртіп» тұжырымдамасы аясында есірткі қылмысының алдын алуға және салауатты өмір салтын насихаттауға бағытталған «Ашық микрофон» форматындағы азаматтық акция өтті, деп хабарлайды Elordainfo.kz қала әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.
Іс-шараны Астана қаласының Полиция департаменті мен елорда әкімдігі бірлесіп ұйымдастырды. Акция есірткі қылмысына қарсы бағытталған кең ауқымды профилактикалық жұмыстардың бір бөлігі ретінде өткізілді.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, «Ашық микрофон» форматы елордада бұған дейін де өз тиімділігін көрсеткен. Кездесу барысында тұрғындар құқық қорғау органдарының қызметкерлеріне, мемлекеттік мекемелердің өкілдеріне және қоғам белсенділеріне тікелей сұрақ қойып, өз пікірлерін білдіруге мүмкіндік алды.
Шарада жастардың есірткінің заңсыз айналымына тартылуының алдын алу, тәуелділіктің профилактикасы және өскелең ұрпақтың бойында есірткіге қарсы берік ұстаным қалыптастыру мәселелері талқыланды. Сондай-ақ қала қауіпсіздігі әрбір азаматтың жауапкершілігі мен қырағылығынан басталатыны ерекше айтылды.

Акция барысында еріктілер мен жауапты мекеме қызметкерлері тұрғындарға пайдалы байланыс нөмірлері мен құқықтық түсіндірмелер қамтылған ақпараттық жадынамалар таратты.
Тұрғындардың ерекше қызығушылығын полицияның қызметтік-іздестіру иттері қатысқан көрсетілімдер тудырды. Полиция департаментінің кинологиялық қызметінің мамандары қызметтік иттердің дайындығын көрсетіп, олардың тыйым салынған заттардың макеттерін дәл табу және шартты құқық бұзушыны ұстау сияқты дағдыларын паш етті.
«Мұндай іс-шаралар полиция мен қоғам арасындағы кедергіні жояды. Тәртіп сақшыларының жұмысын өз көзіңмен көріп, тікелей сұрақ қойып, нақты жауап алу сенім қалыптастырады. Ал сенім – профилактиканың ең маңызды құралы», – деді акцияға қатысушылардың бірі.
Қала әкімдігінің ресми сайтының мәліметінше, мұндай кездесулердің басты мақсаты – мәселені көтеріп қана қоймай, қоғамдағы тәртіп пен жауапкершілікті нығайту, бірлік рухын қалыптастыру және жастарды заңға бағынуға ынталандыру.
Есіл жағалауындағы ашық пікір алмасу билік, құқық қорғау органдары және тұрғындар арасындағы сенімді диалог әлеуметтік қатерлердің алдын алудың ең тиімді жолдарының бірі екенін тағы бір мәрте көрсетті.
Бұған дейін Астанада LRT нысандарында «Заң мен тәртіп» акциясы өткенін жаздық.