Референдум-2026

Нұрғазы Ануарбеков: Конституция қағидаттарын іске асыратын арнайы заң қажет

Нұрғазы Ануарбеков: Конституция қағидаттарын іске асыратын арнайы заң қажет
Фото: Нұрдәулет Кәкіш

«Жаңа Конституция еліміздің даму бағытын айқындап берді, ендігі міндет – оның негізгі қағидаттарын тиімді жүзеге асыратын құқықтық механизмдерді қалыптастыру. Бұл туралы «Kazakh Invest» АҚ басқарушы директоры, нормашығармашылық қызмет саласының сарапшысы Нұрғазы Ануарбеков Астанада өткен «Жаңа конституциялық кезең: әлеуметтік-құқықтық дамудың жаңа бағдарлары» тақырыбындағы «Sarap» сарапшылық клубының отырысында айтты, деп хабарлайды Elordainfo.kz

Нұрғазы Ануарбеков жаңа Конституцияның заңды күшіне енуін Қазақстан үшін тарихи маңызы зор оқиға деп бағалады.

Оның айтуынша, жаңа Ата Заң еліміздің мемлекеттілігін нығайтып, өткен тарихи тәжірибені ескере отырып, болашақ даму бағытын айқындап берді.

«Жаңа Конституция – Қазақстанның конституциялық дамуының жаңа кезеңін көрсететін маңызды құжат. Ол мемлекеттің негізгі құндылықтарын, басқару жүйесінің ерекшеліктерін және азаматтардың құқықтарын қорғаудың жаңа тетіктерін айқындайды», – деді сарапшы.

Спикердің пікірінше, ендігі негізгі міндет – Конституцияда бекітілген қағидаттарды іс жүзінде жүзеге асыру.

«Конституцияны қабылдау – жұмыстың бір бөлігі ғана. Енді оның нормаларын тиімді іске асыратын нақты құқықтық механизмдер қажет. Бұл бағытта мемлекеттік органдар, сарапшылар қауымы және азаматтық қоғам бірлесіп жұмыс істеуі тиіс», – деді ол.

Нұрғазы Ануарбеков қазіргі 2030 жылға дейінгі құқықтық саясат тұжырымдамасын жаңарту қажеттігін атап өтті.

«Бұл құжат 2021 жылы қабылданған болатын. Алайда соңғы жылдары жүзеге асқан конституциялық және саяси-құқықтық реформалар онда толық көрініс тапқан жоқ. Сондықтан аталған тұжырымдаманы «Әділетті Қазақстан» идеясы мен «Заң мен тәртіп» қағидатына сәйкес қайта қарау қажет», – деді сарапшы.

Ол заң жобаларын әзірлеу кезінде олардың Конституцияның негізгі қағидаттарына сәйкестігін бағалайтын тиімді сараптама тетігін енгізу маңызды екенін айтты.

«Әрбір заң жобасы Конституцияда бекітілген құндылықтарға, соның ішінде әділеттілік пен заң үстемдігі қағидаттарына қаншалықты сәйкес келетіні тұрғысынан бағалануы керек. Бұл заң шығару сапасын арттыруға мүмкіндік береді», – деді Нұрғазы Ануарбеков.

Сонымен қатар сарапшы құқықтық мәдениетті қалыптастыру мен түсіндіру жұмыстарын күшейту қажеттігін жеткізді.

«Әділетті Қазақстан» және «Заң мен тәртіп» қағидаттары тек ұран ретінде қалмауы тиіс. Олар құқық қорғау органдарының оқу орындарында, судьялар даярлайтын академияларда және мемлекеттік қызметшілерді оқыту жүйесінде кеңінен түсіндіріліп, тәжірибеде қолданылуы қажет», – деді ол.

Нұрғазы Ануарбеков Конституция қағидаттарын толыққанды іске асыру үшін арнайы конституциялық заң қабылдау мәселесін де көтерді.

«Конституция мемлекеттің негізгі қағидаттарын белгілейді. Ал оларды нақты жүзеге асыру тетіктері конституциялық заңдар мен өзге де нормативтік құқықтық актілер арқылы бекітіледі. Сондықтан «Әділетті Қазақстан» идеясын және «Заң мен тәртіп» қағидатын іске асыруға бағытталған арнайы конституциялық заң қабылдау қажет. Онда мемлекеттік органдардың, қоғамдық институттардың және азаматтардың рөлі мен жауапкершілігі нақты айқындалуы тиіс», – деп түйіндеді Нұрғазы Ануарбеков.