Creative Aimaq: Астанада Қостанайдың креативті әлеуеті таныстырылды
Астанадағы Qazaq Creative Hub алаңында өткен QOSTANAI CREATIVE CULTURE креативті жәрмеңкесі Қостанай облысының бай тарихи-мәдени мұрасын, ұлттық қолөнерін және заманауи креативті жобаларын көпшілікке таныстырды, деп хабарлайды Elordainfo.kz қала әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.
Іс-шара «Креативті индустрияларды дамыту қоры» корпоративтік қоры жүзеге асырып жатқан Creative Aimaq республикалық жобасы аясында ұйымдастырылды. Екі күнге созылған жәрмеңке өңірдің шығармашылық мүмкіндіктерін бір алаңға тоғыстырып, оған мыңнан астам адам қатысты.

Жәрмеңкеде Қостанай өңірінің тарихи-мәдени мұрасы, ұлттық қолөнері, авторлық брендтері, заманауи технологиялары мен креативті индустрия саласындағы жобалары ұсынылды. Ұйымдастырушылардың айтуынша, бұл өңірлік креативті индустриялардың экономикалық әлеуетінің жоғары екенін және қазақстандық креативті өнімдерге сұраныстың артып келе жатқанын көрсетті.
Бағдарламаның ең көп назар аудартқан бөлігінің бірі – биыл Қостанай өңіріне бұйырған республикалық «Алтын домбыра» айтысы бас жүлдесінің көрмеге қойылуы болды. Келушілер жүлде иегері Айбек Қалиевпен жүздесіп, домбыралар көрмесін, ұлттық музыкалық аспаптар топтамасын және тарихи тұлғаларға арналған экспозицияларды тамашалады.

Сондай-ақ Қостанай дизайнерлерінің этностильдегі сән көрсетілімі ұйымдастырылып, Нью-Йорктегі MobFilm Festival халықаралық кинофестивалінің финалисі атанған «Қалам» мобильді фильмі таныстырылды. Бұдан бөлек, Қостанай өңірлік университеті студенттерінің инновациялық инженерлік жобалары мен Қазақстандағы алғашқы студенттік жарыс болиді көпшілік назарына ұсынылды.

Жәрмеңке аясында зергерлік өнер, ағаш және былғары өңдеу, киіз басу, қыш өнері, ұлттық ою-өрнек және сәндік-қолданбалы өнер бағыттары бойынша шеберлік сабақтары өтті. Келушілер ұлттық қолөнердің қыр-сырымен танысып қана қоймай, бұйымдарды жасау процесіне тікелей қатысуға мүмкіндік алды.
Мәдени бағдарламаның шарықтау шегінде еліміздегі тұңғыш фольклорлық-этнографиялық ұжымдардың бірі – «Шертер» ансамблі өнер көрсетіп, қазақтың ұлттық музыкалық мұрасын насихаттады.
Қала әкімдігінің мәліметінше, QOSTANAI CREATIVE CULTURE жәрмеңкесі өңірдің шығармашылық әлеуетін таныстырып қана қоймай, креативті индустрия өкілдері арасындағы байланыстарды нығайтуға және жаңа жобалардың дамуына серпін берді.
Бұған дейін қолөнершілерге арналған республикалық байқау жарияланғанын жаздық.