Референдум-2026

Астаналық дәрігер балалар қауіпсіздігіне қатысты үндеу жасады

Астаналық дәрігер балалар қауіпсіздігіне қатысты үндеу жасады
Фото: pexels.com

Жазғы демалыс кезінде балалардың терезеден құлау деректері жиілейді. Осыған байланысты астаналық дәрігерлер ата-аналарды қауіпсіздік шараларын күшейтуге шақырып отыр, деп хабарлайды Elordainfo.kz қала әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.

Мамандардың айтуынша, мұндай қайғылы жағдайлардың басым бөлігінің алдын алуға болады. Кейде ересек адамның телефонға алаңдауы, үй шаруасымен айналысуы немесе басқа бөлмеге бір сәтке шығып кетуінің өзі бала өміріне қауіп төндіруі мүмкін.

«Қайғылы жағдайға бір минуттың өзі жеткілікті. Сондықтан кішкентай баланы ашық терезенің жанында ешқашан қараусыз қалдырмаған жөн», – деді дәрігер.

Дәрігердің сөзінше, терезеден құлау оқиғалары көбіне бір жастан алты жасқа дейінгі балалар арасында кездеседі. Бұл жастағы бүлдіршіндер терезе алдына оңай шыға алғанымен, биіктіктің қаншалықты қауіпті екенін толық түсіне бермейді.

Мамандарды ерекше алаңдататын мәселенің бірі – москит торына қатысты жаңсақ түсінік.

«Москит торы қауіпсіздік құралы емес. Ол баланың салмағына шыдамайды және аз ғана қысымның өзінде баламен бірге құлап кетуі мүмкін. Өкінішке қарай көптеген қайғылы жағдайдың себебі де осы», – деп ескертеді маман.

Дәрігерлердің айтуынша, тіпті төмен биіктіктен құлаудың өзі ауыр зардаптарға әкелуі мүмкін. Мұндай жағдайда бас-ми жарақаты, омыртқа мен аяқ-қол сүйектерінің сынуы, ішкі ағзалардың зақымдануы сияқты күрделі жарақаттар тіркеледі. Кейбір балаларға шұғыл ота жасалып, кейін ұзақ уақыт оңалтудан өтуге тура келеді.

Қала әкімдігінің мәліметінше, Астанада жаз мезгілі басталғаннан бері балалардың терезеден құлауының алдын алу бағытындағы түсіндіру жұмыстары күшейтілген. Бұл іске медициналық ұйымдар, Төтенше жағдайлар департаменті, полиция бөлімшелері және білім беру мекемелері жұмылдырылған.

Профилактикалық рейдтер мен үй-үйді аралау барысында тұрғындарға жадынамалар таратылып, емханаларда, балабақшаларда және тұрғын үй кешендерінде қауіпсіздік ережелері түсіндірілуде.

Мамандар ата-аналарға терезелерге арнайы қауіпсіздік бекіткіштерін орнатуды, балаларға арналған құлыптарды пайдалануды, терезе алдындағы жиһазды алып тастауды және кішкентай балаларды ашық терезенің жанында қараусыз қалдырмауды ұсынады. Сондай-ақ баланың терезені өздігінен аша алмайтынына көз жеткізу қажет.

«Қауіпсіздік мәселесін кейінге қалдырмаңыздар. Бүгін-ақ үйіңіздегі терезелерді тексеріп, ашылуды шектейтін құрылғылардың орнатылғанына көз жеткізіңіздер. Осындай қарапайым шаралар баланың өмірін сақтап қалуы мүмкін», – деді дәрігер.

Мамандар балалардың қауіпсіздігі ең алдымен ересектердің қырағылығына байланысты екенін еске салады. Жазғы демалыста балалардың көбі уақытын үйде өткізетіндіктен, қауіпсіз орта қалыптастыру – ата-ананың басты міндеттерінің бірі. Қарапайым сақтық шаралары мен тұрақты бақылау орны толмас қайғылы жағдайдың алдын алуға көмектеседі.

Бұған дейін Астанада балалардың қауіпсіздігі үшін 1 400-ден астам терезе бекіткіші орнатылғанын жаздық.